Accessibility links

Эмомали Рахмонның қызы - «Ориёнбанк» төрағасының орынбасары


Зарина Рахмон.
Зарина Рахмон.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның қызы Зарина Рахмон елдегі ең ірі «Ориёнбанк» төрағасының орынбасары болып тағайындалды. Бұл банкті президенттің туған ағасы Хасан Асадуллозода басқарады.

Азаттықтың тәжік қызметінің редакциясына түскен құжатта Зарина Рахмон бұл қызметке 2017 жылдың басында тағайындалғаны жазылған. «Ориёнбанк» төрағасының тағы екі орынбасары ретінде Шухрат Исматуллоев және Одилшо Кабиров көрсетілген.

23 жастағы Зарина Рахмон – Эмомали Рахмонның алтыншы қызы. Ұлыбританияда білім алған. Ол 2010 жылы екі ай көлемінде мемлекеттік телеарнада ағылшын тілінде жаңалықтарды жүргізген. 2013 жылы Зарина Рахмонның Тәжікстан үкіметі жанындағы байланыс қызметінің төрағасы Рамз Зухуровтың ұлына тұрмысқа шыққаны туралы мемлекеттік басылымдарда жазылған. Рамз Зухуров Алматыдағы азаматтық авиация академиясында оқыған.

Эмомали Рахмонның 39 жастағы қызы Озода Рахмон президент әкімшілігін басқарады. Озода Рахмонның күйеуі Джамолиддин Нуралиев - Тәжікстан ұлттық банкі төрағасының орынбасары.

29 жастағы ұлы Рустам Эмомали биыл Душанбе қаласының мэрі қызметіне тағайындалды және қалалық маслихаттың депутаты болып сайланған. Президенттің тағы бір қызы Рухшона Рахмонова 2016 жылдан бері сыртқы істер министрлігі халықаралық қатынастар басқармасының төрайымы қызметін атқарады.

XS
SM
MD
LG