Футболдан Қазақстанның екі командасы Еуропа лигасы іріктеу жарысын аяқтады.
Еуропа лигасының екінші іріктеу кезеңінде Қазақстанның вице-чемпионы алматылық "Қайрат" Албанияда жергілікті "Скендербеу" командасынан 0:2 есебімен жеңілді. Осыдан он шақты күн бұрын Алматыда өткен матч 1:1 есебімен аяқталған. Қос кездесудің қорытындысы бойынша албаниялық клуб үшінші кезеңге өтті.
Ал павлодарлық "Ертіс" сербиялық "Црвена Звезда" командасынан жеңілді. Павлодардағы бірінші матч 1:1 есебімен біткен. Ал 20 шілдедегі қарымта ойында сербиялық клуб 2:0 есебімен басым түсті.
Биылғы Еуропаның клубтық жарыстарында тек "Астана" командасы қалды. Қазақстан чемпионы латвиялық "Спартак" командасын жеңіп, Чемпиондар лигасы іріктеуінің үшінші кезеңіне шыққан. Ендігі қарсыласы - польшалық "Легия" командасы.