Accessibility links

Жампозовты "өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу" бойынша іс қозғалды


Youtube желісіне жарияланған "Жампозов О. Обращение к президенту РК" видеосынан алынған скриншот.

Қазақстан бас прокуратурасы баспасөз қызметі Өмірбек Жампозовты "өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу" бойынша іс қозғалғанын 21 шілде хабарлады.

Бас прокуратураның ресми сайтындағы ақпаратқа қарағанда, "Оқиға болған күні (20 шілде) бас прокурор іске қатысты барлық мән-жайды жан-жақты зерделеу үшін арнайы өкілді ауданға жіберген". Қазір "Өмірбек Жампозов бюджет қаражатын талан-таражға салды деп айыпталып отырған қылмыстық іске қатысты прокурор ұстанымы қаншалықты негізді болғанын анықтау үшін қызметтік тексеріс жүріп жатыр".

Хабарламада "Сонымен қатар Бас прокуратура өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу бойынша іс қозғап, ол ішкі істер министрлігіне қайта жүктелді. Сотқа дейінгі алдын ала тергеу әрекеттерінің заңдылығын қадағалау Астана қаласы прокуратурасына жүктелді. Егер жоғарыда аталған факт расталған жағдайда, осы оқиғаға қатысы тұлғалардың барлығы заң алдында жауапқа тартылатын болады" деп жазылған.

Бас прокуратура Жампозов айыпталған, қаржыны талан-таражға салу ісінің сот тергеуiн қайта бастауға мүдделі екенін хабарлаған.

Өмірбек Жампозов 2017 жылы шілденің 20-сы күні Ақмола облысы Целиноград ауданы прокуратурасы ғимаратына келіп, «құқық қорау органдары қызметкерлеріне қарулы шабуыл жасаған» еді. Шабуылдан прокуратура қызметкері Ж. Әлібаев пен осы ауданның ішкі істер бөлімінің тергеушісі А. Пшембаев жараланған. Оқ тиген бұл екі қызметкер ауруханаға түскен.

Ақмола облысы прокуратурасы «Шабуыл жасағаннан кейін Жампозов қылмыс орнынан кетіп қалған. Кейін оның автомашинасы репрессия құрбандарына арналған мемориалдық АЛЖИР кешені территориясынан табылды. Жампозовтың оқ тиген мәйіті де сол жерден табылды. Алдын ала болжам бойынша, ол суицид жасаған» деп хабарлаған.

Бұл оқиға әлеуметтік желіде де реакция туғызып, пікір білдірген жұрт Қазақстандағы сот және тергеу ісінің әділдігіне күмән келтірген. Ол жайлы Азаттықтың "Шабуыл жасаған соң "өзін өлтірген" Жампозов ісін түрліше жориды" деген мақаласынан оқи аласыз.

ВИДЕО: Өмірбек Жампозовтың ісі

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG