Accessibility links

Шабуыл жасаған соң "өзін өлтірген" Жампозов ісін түрліше жориды


Youtube желісіне жарияланған "Жампозов О. Обращение к президенту РК" видеосынан алынған скриншот.

Кеше түс қайта Ақмола облысы прокуратурасы ғимараты маңында прокуратура қызметкері Әлібаев пен Целиноград ауданы ІІБ тергеушісі Пшембаевты атып жаралаған Өмірбек Жампозовтың «өзін-өзі атып өлтіргені» туралы ақпараттар тарады. Оның әрекетін желіде «өз бетінше жасаған жазалау соты» деп бағалап, Қазақстандағы құқық қорғау жүйесінің кемшілігі ретінде көрсету жиіледі.

ШАБУЫЛДЫҢ ҚЫСҚАША БАЯНЫ

Ақмола облысы прокуратурасы таратқан ресми ақпаратқа қарағанда, Өмірбек Жампозов 2017 жылы шілденің 20-сы күні Ақмола облысы Целиноград ауданы прокуратурасы ғимаратына келіп, «құқық қорау органдары қызметкерлеріне қарулы шабуыл жасаған».

Бұл шабуылдан прокуратура қызметкері Ж. Әлібаев пен осы ауданның ішкі істер бөлімінің тергеушісі А. Пшембаев жараланған. Оқ тиген бұл екі қызметкер ауруханаға түскен.

Ақмола облысы прокуратурасы «Шабуыл жасағаннан кейін Жампозов қылмыс орнынан кетіп қалған. Кейін оның автомашинасы репрессия құрбандарына арналған мемориалдық АЛЖИР кешені территориясынан табылды. Жампозовтың оқ тиген мәйіті де сол жерден табылды. Алдын ала болжам бойынша, ол суицид жасаған» деп жазады.

«620 МИЛЛИОН ТЕҢГЕНІ ТАЛАН-ТАРАЖҒА САЛҒАН»

Облыс прокуратурасы сол күні Өмірбек Жампозовтың қылмыстық іс бойынша сотталып жатқанын, ол іс бойынша үкімнің шілденің 20-сы күні шығуы тиіс болғанын, бірақ үкім шыққанша оның осындай әрекетпен қаза тапқанын хабарлады.

Прокуратура «Іс бойынша шаруашылық басқару құқығындағы «Казводхоз» республикалық мемлекеттік кәсіпорынның бас директоры болған кезінде, бір топ адаммен және лауазымды тұлғалармен, мердігерлермен астыртын сөз байласа отырып,оған Преображенское су торабын қайта жөндеу үшін сеніп тапсырылған 620 миллион теңгені талан-таражға салған. Оған кепілге мүлік қою бұлтартпау шарасы қолданылған» деп мәлімдеді.

Ақмола облысы прокуратурасының Өмірбек Жампозовтың "өзін-өзі өлтіргені" туралы ресми ақпараты. Ақмола прокуратурасының ресми сайтынан алынған скриншот. 21 шілде 2017 жыл.
Ақмола облысы прокуратурасының Өмірбек Жампозовтың "өзін-өзі өлтіргені" туралы ресми ақпараты. Ақмола прокуратурасының ресми сайтынан алынған скриншот. 21 шілде 2017 жыл.

Ақмола облысының прокуратурасы «Ол шабуыл жасаған прокуратура қызметкері осы қылмыстық іс бойынша мемлекеттік айыптауды қолдаған» деп жазады.

Облыс прокуратурасының хабарламасында «18 шілде 2017 жылы болған сот жарыссөзі кезінде мемлекеттік айыптаушы Жампозовты кінәлі деп тауып оған рақымшылық туралы заңды қолдана отырып, 5 жыл бас бостандығынан айыру сұраған. Үкім 20 шілде күні 16:00-де шығуы тиіс болған. Іс тергеуін қадағалау Астана қаласы прокуратурасына жүктелді» деп жазылған.

ӨМІРБЕК ЖАМПОЗОВТЫҢ ВИДЕОҒА ЖАЗЫП КЕТКЕН СӨЗІ

Ақмола облысы прокуратурасы «620 миллион теңгені талан-таражға салған», «үкім шықпай тұрып суицид жасаған» деп сипаттаған Өмірбек Жампозовтың көзі тірісінде жазған екі видеосы да сол шілденің 20-сы күні Youtube желісіне шықты.

«Жампозов Ө. ҚР президентіне жолдау» аталатын қазақ тілінде жазылған видеода Өмірбек Жампозов сөзін «Қазақстанның бас қаласында орналасқан «Әзірет Сұлтан» мешітінде отырмыз» деп бастап, ары қарай екі жылдай бұрын басталған қылмыстық іс жайын баяндайды.

Ол екі тергеуші мен судьяның атын атап, өзіне қарсы қозғалған қылмыстық істің «қасақана ойдан құрастырылғанын» айтады. Марқұм «мен білмейтін бір кәсіпкер мердігер маған 30 миллион [теңге] ақша пара берді деп, мені қамап қойды. Жасым 60-қа келгенде ондай қылмыспен айналыспақ тұрмақ, ойда болмаған» дейді. Жампозов бұл істің өзіне өте үлкен сын болғанын, қиналғанын баяндайды. Ол өзін қылмыстық айыппен қудалауды «бұл қалай, 37 жылы репрессия кезінде біздің Алаш ардақтыларын жапонның, ағылшынның шпионы деп түрмеге қамап, көбін атып жіберді... Соның бәрін Сталинге жабады, кінәсі бар шығар. Бірақ соны істеген қатардағы адамдар. Сондай зұлмат жыл емес пе деп ойлаймын» деп СССР тарихында «Үлкен террор» аталып кеткен әйгілі репрессия тәсілдерімен салыстырған.

«Төмендегі лауазым иелері, әсіресе иығында погондары бар, формадағы қызметкерлердің халыққа жау сияқты іс-әрекеттер жасайтынын көріп жүрміз» дей келе ол ойын «тергеушілер ашығын айтқанда оларға пара бермеген, мен, Қазыкеев, Бүрлібаев деген азаматтарды соттағысы келіп жатыр... сот қаржы полициясының, айыптаушы прокурордың жалдап алған соты сияқты » деп түйіндейді.

Ал «ҰҚК төрағасы Мәсімовке үндеу» деп аталған орыс тіліндегі видеода ол өзіне жала жауып, «қызметтік қылмыс жасап отырған адамдарға шара қолдануды» сұраған.

ЖЕЛІДЕГІ РЕАКЦИЯ

Қазақстандағы сот, ішкі істер саласында болған бұл оқиға кешелі-бүгін жұрт назарын өзіне аударып тұр. Оны әлеуметтік желі қолданушылары реакциясынан да байқауға болады. Facebook желісін қолданушылардың көбі үкім шығар алдында өзін атып өлтірген Жампозовты жақтайды.

Мәселен саясаттанушы Айдос Сарым Facebook парақшасындағы "Смерть в АЛЖИРе" жазбасында жұрттың бұл оқиғаға байланысты "алматылық атқыш Күлекбаевты еске алып жатқанын" атап өтіп, "бұл оқиғаны ол шабуылмен салыстыруға болмайтынын" жазған.

Оқи отырыңыз: Сот Руслан Күлекбаевты өлім жазасына кесті

Айдос Сарым Ақмола прокуратурасы ғимараты маңында шабуыл жасаған Жампозовты жазушы Мұхтар Әуезовтің "Қараш-қараш оқиғасы" повесіндегі Бақтығұлмен салыстырып, оны "қазіргі заманның Бақтығұлы" атаған (ол шығармада әділет таба алмаған Бақтығұл өзі өштескен байды атып өлтіреді). Сарым мұнан ары Қазақстан прокуратурасының сталиндік қуғындау сипаты әлі жойылмаған деген сарындағы пікірін жазады.

"Оларды сталиндік кіндіктерінен ажырату үшін ұзақ мәдени, саяси жұмыс, қатаң кадрлық іріктеу керек" дейді саясаттанушы. Сарымның ойынша "егер [прокуратура] адамдарын қорғаштап, "мундир намысын" жыртуды жалғастырса, онда Бақтығұл-Жампозовтар тағы шығады".

Ал Facebook қолданушысы Айдос Садык "Жампозов Назарбаевтан бөлек, Мәсімовке де үндеу жолдаған... Мәсімов те, Назарбаев та ешқандай шара қолданбаған... Бұл адам өзінің қайғысымен, бетпақ менттармен, прокурорлармен бетпе-бет жалғыз қалды. Барлық инстанцияларды өтіп, әділет табамын деген үміті үзілген соң ол қолына қару алды" деп жазады.

Ал Айжан Хамит атты Facebook қолданушысы бұл оқиға жайында "Бұдан ары осылай өмір сүруге болмайды. Жүйе бәрін жұта бастады. Ешкімге кепілдік жоқ" деп жазған. Dosay Kenjetay Жампозовтың әрекетін "шіріген қоғамнан қашудың қысқа жолы" деп сипаттайды. Әлеуметтік желіде марқұмның "өзін-өзі өлтіргенін" айыптайтынын білдіргендер де бар, "депрессиядан жеңілді" деп бағалайтындар да байқалады. Алайда прокуратура немесе тергеушілер өз міндетін атқарып отыр деген сыңайда бұл мекемені жақтап, яки істің анық-қанығын байыптауға шақырғандар Азаттық тілшісінің көзіне шалынбады.

Қазақстан билік органдарымен қарым-қатынас кезінде талаптарын орындата алмаған азаматтар кейінгі жылдары суицид тәсіліне жүгінетін құбылыс байқалады. Мәселен, Азаттыққа белгілі ақпарат бойынша, соңғы сегіз жылда өзіне қол салу оқиғалары (өзін-өзі өртеу) 17 рет қайталанған. Кейбірі құқық қорғау органдары тарапынан қозғалған қылмыстық іске келіспесе, кейбірі сот орындаушылардың тұрып жатқан үйінен шығаруға келген кезінде өздеріне от қойған.

  • 16x9 Image

    Рахат МАМЫРБЕК

    Рахат 2010 жылдан бері Азаттықтың Алматы бюросында редактор және жүргізуші болып қызмет атқарып келеді. ҚазҰПУ-ді саясаттанушы мамандығы бойынша бітірген. "Қазақстан", "31-арна", КТК және "Алматы" телеарналарында жүргізуші, редактор болып тәжірибе жинаған. Жергілікті телеаудиторияға кең танылған "Күлтөбе" телехабарының авторы әрі модераторы болған.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG