Қырғызстан Орталық сайлау комиссиясы президенттікке түсуге ниет білдіргендер саны 38 адамға жеткенін хабарлады. Соңғы болып зейнеткер Қалмамат Мақтымбаев тіркелген. Ол өзін-өзі ұсынған.
"Ата Мекен" оппозициялық фракциясының жетекшісі, қазіргі президент Алмазбек Атамбаевтың саяси қарсыластарының бірі Өмірбек Текебаев та сайлауға өзін-өзі ұсынған. Текебаев ақпанда пара алды деген айыппен қамауға алынған. Қазір Орталық сайлау комиссиясы Текебаевтың тіл емтиханына қатысуды ұйымдастыру жағын қарастырып жатқанын хабарлады.
15 шілдеде Қырғызстан социал-демократиялық партиясының съезінде Қырғызстан президенттігіне елдің премьер-министрі Сороонбай Жээнбековтің кандидатурасы ұсынылды.
Қырғызстан конституциясы бойынша, бір адам президент қызметіне тек бір мерзімге ғана сайланады. Сын айтушылар, елдің қазіргі президенті Алмазбек Атамбаевтың тұсында жақында конституцияға енгізілген өзгертулер президенттің қызметін әлсіретіп, премьер-министрдің құзыретін кеңейтті деп санайды. Оппозиция Алмазбек Атамбаевтың енді премьер-министр ретінде билік басында қалуына мүмкіндік жасалып отыр деп санайды.
Қырғызстан президенті сайлауы биыл қазанның 15-іне белгіленген. Президенттікке түсуге өтініш қабылдау 1 тамызға дейін жалғасады. Сайлау комиссиясы 10 қыркүйекте кандидаттардың соңғы тізімін жариялайды.