Accessibility links

Шымкентте қарақұрт шаққан адам 50-ден асты


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Оңтүстік Қазақстанда биыл соңғы екі жарым айда қарақұрт шағып ауруханаға түскендердің саны 54-ке жетті деп хабарлады облыстық аурухананың жоғары қысымды оттегімен емдеу орталығының бөлім меңгерушісі Асылхан Мыңбосынов.

Ауруханаға түскен адамдардың бірі – Шымкенттегі Тассай елдімекенінің 25 жастағы тұрғыны Бексұлтан Кенжебеков.

«Үйдің ауласындағы шөпті орып жүргенмін. Бірден белім ауырды. Әлсіреп, дірілдей бастағанымды білемін. Есімнен танып қалдым. Үш күн болды тамақ ішуге шамам жоқ. Бүгін ғана бетім бері қарап, аз-аздан су іше бастадым» дейді ол.

Дәрігер Асылхан Мыңбосыновтың айтуынша, адам қарақұрт шаққанда 15 минуттан соң терлей бастайды, буындары қақсап ауырады, жүрегі қысылып, ауа жетпейді, 12 сағаттан соң беті ісе бастайды.

«Қарақұрттың уының күштілігі сондай – ішектің жұмыс істеуін баяулатып тастайды. Егер уақыт өткізіп алса, жансақтау бөліміне жатқызамыз» дейді ол.

Маманның сөзінше, күн ысып, жел тұрған кезде қарақұрт шаққандар көбейеді. Ол өңірде қарақұрт шағу оқиғасы биыл жиілегенін айтады.

Бұл аймақта былтыр 74 адамды қарақұрт шаққан.

XS
SM
MD
LG