Accessibility links

Тиллерсон: Мәскеу мен Пекин Пхеньянға болысып отыр


АҚШ мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон.

Қытай мен Ресей Солтүстік Кореяның ядролық және зымыран қаруын дамытуына экономикалық тұрғыдан болысатын негізгі елдер болып отыр деп мәлімдеді жұма күні АҚШ мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон.

Оның мәлімдеуінше, АҚШ Солтүстік Кореяны ядролық мемлекет ретінде ешқашан қабылдамайды және Қытай мен Ресейді Пхеньян тарабынан тұрақтылық пен қауіпсіздікке төнген қатерді залалсыздандыру үшін көбірек күш-жігер жұмсауға шақырады. Тиллерсон бұл мәлімдемесін Солтүстік Корея кезекті рет құрлықаралық баллистикалық зымыран сынағын өткізгеннен кейін бірнеше сағаттан соң жасаған. Америкалық сарапшылардың болжамы бойынша, Пхеньянның ұшырған зымыраны кемінде АҚШ-тың батыс жағалауына дейін жете алады. Зымыранның диапазоны 10 мың километр деп бағаланған. АҚШ барлау қызметі Солтүстік Корея келер жылдан бастап ядролық оқтұмсығы бар құрлықаралық зымыран құрастыра алатын болады деп ескерткен.

"Пхеньянның ядролық қару мен оны жеткізуші құралға қол жеткізуді көксеуінің салдарын сезінуі үшін барлық елдер халықаралық санкциялар режимін қолдап және нығайтып, Солтүстік Кореяға қарсы табанды позиция ұстанулары тиіс", - деп мәлімдеген Рекс Тиллерсон. Ол Ресей мен Қытайды Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламасының негізгі экономикалық демеушілері деп атап, "аймақтық және ғаламдық тұрақтылыққа қауіп-қатердің ұлғаюына байланысты ерекше, бірегей жауапкершілік" көтеретіндерін ескерткен.

Оңтүстік Корая билігі жұма күні жасаған мәлімдемесінде, ел аумағына америкалық зымыранға қарсы жүйелерді қосымша орналастыру ниеті туралы айтқан.

XS
SM
MD
LG