Accessibility links

Түркіменстанда Азаттық тілшісіне шабуылдап, сес көрсетті


Азаттықтың Түркімен редакциясының тілшісі Солтан Ачилова 2016 жылы қазанда Ашғабадта өзіне жасалған шабуылдан көгеріп қалған қолын көрсетіп тұр.
Азаттықтың Түркімен редакциясының тілшісі Солтан Ачилова 2016 жылы қазанда Ашғабадта өзіне жасалған шабуылдан көгеріп қалған қолын көрсетіп тұр.

Азаттықтың Түркімен редакциясының тілшісі Солтан Ачилова тағы да шабуылға ұшырады. 67 жастағы журналиске 27 шілдеден бері осымен үшінші рет шабуыл жасалып отыр.

Ачилова 29 шілдеде таңертең Ашғабадта Азиада-2017 жарысының басталуына 50 күн қалғанда ұйымдастырылған ресми іс-шара - көпшілік қатысатын веложарыстан сурет түсіру үшін үйінен шыққан.

"Үйден шыққан кезімізде үйдің жанынан бізді бақылап жүрген адамдарды көрдік. Олар сол мезетте шеттегі подъезге жасырынып қалды. Автобус аялдамасына кетіп бара жатқанда алыстан маған қарай жылдам басып келе жатқан, қара футболка және қара кепка киген жігітті суретке түсіріп алдым. Ол жігіт менімен бірге автобусқа мініп, жанымда тұрды. Мен автобус терезесінен велосипедшілерді суретке түсіре бастағаным сол еді, ол мені қолымнан қысып ұстай алды. Жанымда болған қызым арашалап, қолымды босатып алдым" деді Ачилова.

Оның сөзінше, осыдан кейін шабуыл жасаған адам автобуста айқайлап, боқтық сөз айтып, журналист пен қызына сес көрсете бастаған.

"Ол маған қарап "Босқа өліп кетесің" деп айқайлады. Ал қызыма "Аяғыңды сындырамын, шешең өліп қалса қайтіп күн көресің? деді. Ол автобуста "Елімізді масқаралап жүрсіңдеп, жексұрындар" деп айқайлады. Біз келесі аялдамадан түсіп қалып, үйімізге қайттық. Жол бойы ол артымыздан жүріп отырды" деді Солтан Ачилова.

Ол осы оқиғадан соң қауіпсіздігіне алаңдайтынын айтады. Журналист соңғы сегіз айда осымен бесінше рет шабуылға ұшырап отыр.

Freedom House ұйымы 2017 жылғы әлем елдеріндегі баспсөз еркіндігі туралы есебінде Түркіменстанда "сөз бостандығы еркін емес елдер" тобына қосқан.

XS
SM
MD
LG