Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев Өзбекстан Ұлттық телерадио компаниясының (ҰТРК) төрағасы Хуршид Мирзохидовті қызметінен босатты. Мирзияев 2 тамызда өткен видео селекторлық жиында Мирзохидовті сынап, оны орнынан алу туралы шешімін жариялады.
Мирзохидов ҰТРК басшысы болып ақпан айында тағайындалған. Оған дейін компанияны 12 жыл бойы Алишер Хаджаев басқарған.
30 наурызда Мирзияев видеоселекторлық жиында өзбек телевидениесінің қызметі туралы айтып, "Өзбекстан" және "Ешлар" ("Жастар") телеарналарының жұмысын сынап, бұл салада реформа жүргізу қажетін мәлімдеген.
"Даңғазалықтың дәурені өтті. Телеарналарда сыни және сараптамалық материалдар берілуі қажет. Халық ол телебағдарламаларды тағатсыздана күтуі тиіс. "Ахборот" бағдарламасын өзгертуіміз керек" деген ол кезде Мирзияев. Бұл жиында Мирзияев халық әртісі, танымал әнші Озодбек Назарбаковті "Ешлар" телеарнасының бас директоры етіп тағайындап, телеарнаны жастар өмірінен жеткілікті хабар таратпайды деп сынаған. Кейін Назарбеков "Ешлар" телеарнасының басшысы қызметінен кеткен.