Өзбекстанның Наманған қаласында Қырғызстан мен Өзбекстанның мемлекеттік шекараны делимитациялау және демаркациялау жөніндегі үкіметаралық делегациялары кезекті келіссөздер өткізіп жатыр. Мұндай деңгейдегі екіжақты кездесу соңғы бір жылдың ішінде осымен он бесінші рет өтіп жатыр. Ресми мәліметтер бойынша, тамыздың 5-інде басталған келіссөздер тамыздың 13-і күні аяқталуы тиіс.
2016 жылдың соңынан бері екі елдің тиісті ведомстволары кейде Өзбекстанда, кейде Қырғызстанда кездесіп, іс жүзінде ай сайын дерлік осындай кеңесулер өткізіп келеді.
Екі жақтың делегацияларының ресми өкілдері келіссөздердің барысына «қанағаттанатындарын, ілгерілеушілік барын» айтқан. Бірақ, оның қорытындысы жайлы немесе оны қашан күтуге болатыны туралы екі тарап та әзірше ештеңе хабарлаған жоқ.
Өзбекстан мен Қырғызстан арасындағы мемлекеттік шекараның ұзындығы 1378 шақырымды құрайды, оның 230 шақырымы әлі нақтыланбаған болып саналады деп хабарлайды Азаттықтың Қырғыз қызметі.