Accessibility links

Ресейде екі жылда 17 мың тонна шетел азық-түлігі жойылған


Мәскеудегі дүкендердің бірі (Көрнекі сурет).
Мәскеудегі дүкендердің бірі (Көрнекі сурет).

Ресейде 2015 жылдың 6 тамызынан бері Ресейдің азық-түлік эмбаргосы енгізілген елдерден жеткізілген 17 мың тоннаға жуық өнім жойылды деп хабарлады Ресейдің Федералдық ветеринарлық және фитосанитарлық қызметі (Россельхознадзор). Жойылған азық-түліктердің көпшілігі - 16,4 мың тоннасы көкөніс пен жеміс-жидектер және солардан жасалған өнімдер, қалған 500 тоннасы - мал өнімдері.

Екі жылда барлығы 17 мың 135 тонна санкцияға ілінген азық-түлік - 16 мың 524 өсімдік өнімдері мен 611 тонна мал өнімдері тәркіленген.

Россельхознадзордың баспасөз хатшысы Юлия Меланоның "Интерфакс" агенттігіне хабарлауынша, санкцияға ілінген өнімдерді анықтау жұмыстары Юеларусьпен шекаралас Брянск, Смоленск, Тверь және Псков облыстарында белсенді жүргізіліп жатыр. Себебі контрабандалық өнімдердің көпшілігі Беларусь территориясы арқылы тасымалданады. Дегенмен Россельхознадзор нарыққа санкцияға ілінген азық-түлік өнімдерінің түсуін болдырмау шаралары жеткілікті жүргізіліп жатқан жоқ дейді.

Меланоның сөзіне қарағанда, санкцияға ілінген өнімдерді дүкен сөрелерінен жиі байқауға болады. "Россельхознадзордың сауда орындарымен тікелей жұмыс істеуге құзыреті жоқ, мұндай өкілеттік Роспотребнадзорда ғана бар" деді Мелано.

Санкцияға ілінген контрабандалық өнімдер Ресей президентінің 2015 жылы 29 шілдеде қол қойған "Ресей қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қолданылатын арнайы экономикалық шаралар туралы" жарлығына сай жойылады. Оған сай, Ресейге қарсы экономикалық санкциялар салуды қолдаған елдерден және Ресей азық-түлік эмбаргосын енгізген елдерден жеткізілген ауыл шаруашылығы өнімдері жойылуы тиіс.

Ресей 2014 жылдың 7 тамызынан бастап АҚШ, Еуропа Одағы, Австралия, Норвегия және Канададан әкелінетін азық-түлік өнімдеріне эмбарго салған. 2015 жылы бұл тізімге Ресейге қарсы санкцияларға қосылған Албания, Черногория, Исландия, Лихтенштейн, 2016 жылдың 1 қаңтарында Украина да енгізілген.

XS
SM
MD
LG