Accessibility links

Қырғызстанның Эмгекчил ауылында тұрғындар алкоголь өнімдерін жойды


Эмгекчил тұрғындары ауылдағы бүкіл алкоголь өнімдерін жойып жатыр. Нарын облысы, Қырғызстан.
Эмгекчил тұрғындары ауылдағы бүкіл алкоголь өнімдерін жойып жатыр. Нарын облысы, Қырғызстан.

Қырғызстанның Нарын облысындағы Эмгекчил ауылының тұрғындары ауылдағы бүкіл алкоголь өнімдерін жойды. Бұл бастамаға мұрындық болған жас белсенділер осылайша спирттік ішімдік саудасына тоқтам салмақшы. Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз қызметіне жергілікті жастар ұйымының төрағасы Жаныбек Сопиев айтқан.

Оның сөзінше, ауыл тұрғындары елдімекендегі барлық спирттік ішімдікті сатып алу үшін 400 мың сом жинаған, тағы 100 мың сомның өнімдерін дүкен иелерінің өздері берген. Тамыздың 11-і мен 12-і күндері спирттік ішімдіктерді ауыл сыртына шығарып, түгелдей жойған.

Тұрғындар көптеген қайғылы оқиғаларға алкоголь себеп болатынын айтады. Бұған дейін облыстық қазият Нарын облысындағы бес ауылда спирттік ішімдік сатуды біржолата тоқтатқаны туралы хабарлаған.

Дәл осындай жағдай жақында Ош облысындағы Жапалақ ауылында болған еді. Жергілікті тұрғындар ауылдағы бүкіл спирттік ішімдік атаулыны сатып алып, түгелдей бульдозермен таптап, жойған.

Өткен аптада Баткен облысында имамдар жергілікті дүкендерді аралап, спирттік ішімдік саудасынан бас тартуға шақырған. Бұдан кейін Қырғызстан мұсылмандары діни басқармасының бас мүфтиі Мақсат қажы Токтомушов діни басқарма "алкоголь саудасына мәжбүрлеп тыйым салушыларды қолдамайтыны" туралы мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG