Accessibility links

Венесуэла Трамптың "әскери қысым" туралы сөзін айыптады


Қақтығыстар болып жатқан Каракас көшесіндегі мотоцикль мінген полиция қызметкерлері. Венесуэла, 30 шілде 2017 жыл.
Қақтығыстар болып жатқан Каракас көшесіндегі мотоцикль мінген полиция қызметкерлері. Венесуэла, 30 шілде 2017 жыл.

Венесуэла үкіметі елдегі саяси дағдарыстың шиеленісуіне байланысты АҚШ-тың әскери араласуы мүмкін екені жайлы АҚШ президенті Дональд Трамптың мәлімдемесін айыптап, оны аймақтағы тұрақтылыққа қатер төндіретін "айқын дұшпандық актісі" деп бағалайды. Сенбі күні Каракаста шетелдік дипломаттармен кездесуде Венесэула сыртқы істер министрі Хорхе Арреаса Трамптың мәлімдемесін "ел егемендігіне қол сұғу" және "халықаралық құқық пен БҰҰ жарғысын бұзу" деп атаған. Кездесуге Каракастағы АҚШ дипломатиялық өкілдігін басқаратын Ли Маккленни де қатысқан.

Бұған дейін жұма күні Нью-Джерсиде сөйлеген сөзінде АҚШ президенті Трамп Вашингтон Венесуэладағы жағдайға байланысты түрлі "варианттарды", соның ішінде Каракасқа әскери қысым жасау мүмкіндігін де қарастыратыны туралы мәлімдеген.

Сол күні Ақ үйдің баспасөз хатшысы Сара Сандерс Трамппен телефон арқылы сөйлесуге тілек білдірген Венесуэла президенті Николас Мадуроның өтініші Венесуэлада "демократия қалпына келтірілгеннен" соң ғана орындалуы мүмкін деп мәлімдеген. Ақ үйдің баспасөз қызметі жариялаған мәлімдемеде Трамп Мадуроның Венесуэланың конституциясын құрметтеуін, еркін және таза сайлау өткізуін, елдегі саяси тұтқындарды босатып, "аймақ елдері мен күллі әлем айыптап отырған" адам құқығын таптауды доғаруын талап ететіндігі айтылған.

Тамыздың 9-ы күні Оңтүстік және Солтүстік Американың 17 мемлекеті Мадуро Венесуэла парламентіне балама ретінде құрып, шексіз өкілет берген "конституциялық ассамблеяны" заңды орган деп танудан бас тартатыны туралы мәлімдеген. Мадуро құрған жаңа құрылымды Венесуэла парламенті "заңсыз" деп атаған.

Венесуэлада барған сайын тереңдей түскен әлеуметтік-экономикалық дағдарыс елдің тұрмысын ауырлатып жіберді. Төрт айдың ішінде елдегі қақтығыстар мен тәртіпсіздіктер салдарынан 120-дан аса адам қаза болған.

XS
SM
MD
LG