Иран парламенті бүгін елдің зымыран бағдарламасын ары қарай дамытуға және ислам революциясы сақшыларының корпусын қаржыландыруға қосымша 500 миллион доллардан астам қаржы бөлуді мақұлдаған. Бұл туралы меджлистің төрағасы Әли Ардашир Лариджани мәлімдеген.
Бұған дейін, шілденің 28-і күні АҚШ қаржы министрлігі Вашингтон "зымыран бағдарламасын қолдайды" деп күдіктенетін ирандық алты компанияға қарсы қаржы санкцияларын кеңейткен. Бұл шаралар содан бір күн бұрын Иранның ғарышқа жасанды жер серігін шығаруға арналған зымыран тасығышын ұшырып, сынақ өткізгеніне жауап ретінде қабылданған. Иранның "Симорг" типтес зымыраны салмағы 250 келіге дейінгі жасанды жер серігін орбитаға шығара алады деп хабарланды.
АҚШ Иранның зымыран сынағын өткізгенін қатаң айыптап, оны "арандату" және "БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қарарын бұзу" деп атаған.