Accessibility links

Ақтөбеде "кафе администраторын өлтіру ісі" бойынша үкім шықты


"Кафе админстраторын көлікпен сүйреп өлтіру ісі" бойынша сот отырысы. Ақтөбе. 25 шілде 2017 жыл.
"Кафе админстраторын көлікпен сүйреп өлтіру ісі" бойынша сот отырысы. Ақтөбе. 25 шілде 2017 жыл.

Ақтөбеде кафе администраторын "көлікпен сүйреп өлтірген" екі азаматтың біріне үш, енді біріне екі жылдық түрме жазасы кесілді. Ақтөбе облыстық соты баспасөз қызметінің хабарлауынша, сотталушылар жәбірленуші отбасының моральдық және материалдық шығындарын да өтеуі тиіс.

"Прокуратураның қаулысымен Марат Абдулллиннің үстінен Қылмыстық кодекстің 293-бабы 1-бөлімі ("бұзақылық") бойынша, Артур Берекетовтің үстінен 104-бабы 1-бөлімі ("абайсызда кісі өлтіру") дерегі бойынша іс қозғалып, сотқа берілген болатын. Қылмыстық-процессуалдық заңдылықтар талабына сай сот істі тағылған айып негізінде ғана қарай алады. Сондықтан "бұзақылық" айыбы тағылған Марат Абдуллин екі жылға, "абайсызда кісі өлтірген" Артур Берекетов үш жылға бас бостандығынан айырылды" деп хабарлайды облыстық сот.

Соттың мәліметінше, сотталушылар марқұм Әсет Оразбайдың отбасына 700 мың теңге материалдық шығын өтейді. Одан бөлек, Абдуллиннен 500 мың, Берекетовтен 2 миллион теңге моральдық шығын өндірілмек. Марқұм Әсет Оразбай тергеу органдары "бұзақылық" жасады деп айыптаған Марат Абдуллинмен бір сыныпта оқыған. Алды жеті, кішісі екі жастағы төрт баласымен қалған Әсет Оразбайдың жесірі сот үкіміне разы емес. Ол бұл қылмысты "бұзақылық емес, кісі өлтіру" деп санайды және үкімге апелляциялық шағым бермек ниетте.

Кафе администраторының өліміне қатысты бұл істі сот 25 шілде күні қарай бастады. Тергеу материалдарына қарағанда, 20 наурыз күні Ақтөбедегі кафелердің біріне келіп ішімдік ішкен екі жігіт даяшымен есеп айырысқысы келмей, қашып кетпек болған. Кафе администраторы Әсет Оразбай екі жігіт мінген көліктің есігіне жабысып, оларды тоқтатпақ болады. Сотталушылар кафе администраторын 200 метр жерге дейін сүйреп, құлаған жерінде қалдырып кеткен. Түрлі жарақат алған Әсет Оразбай сол жерде жан тапсырған. Сот материалдарына қарағанда төленбеген қарыз мөлшері - 2 555 теңге.

Сот үкімі 16 тамыз күні шықты.

XS
SM
MD
LG