Accessibility links

Трамп: Ауғанстанға жеңіске жетпек ниетіміз бар


АҚШ президенті Дональд Трамп Форт-Майер базасында Ауғанстанға қатысты жаңа стратегия туралы айтып тұр. 21 тамыз 2017 жыл.
АҚШ президенті Дональд Трамп Форт-Майер базасында Ауғанстанға қатысты жаңа стратегия туралы айтып тұр. 21 тамыз 2017 жыл.

АҚШ президенті Дональд Трамп 21 тамыз күні кешке америкалықтарға жолдау арнап, АҚШ-тың Ауғанстандағы жаңа стратегиясын жариялады. Жаңа стратегия АҚШ-тың "Талибан" қозғалысын толық күйрету мақсатында құрылған.

"Әскеріміз жеңіске жету үшін соғысады" деп мәлімдеді Трамп. Оның пікірінше, жеңіске жауларға соққы беру, радикалды террорлық топтарды жою, талибтерді бейтараптандырып, америкалықтарға қарсы ауқымды террорлық шабуылдарды болдырмау арқылы қол жетпек.

Дональд Трамп преиденттікке кандидат кезінде АҚШ-тың Ирак пен Ауғанстандағы әскери кампаниясын "триллиондаған доллар шығындап, ешқандай нәтиже шықпады" деп сынаған еді. Бірақ Ақ үйге келген соң ол жағдаймен жете танысқан соң "АҚШ-тың Ауғанстаннан кеткені жөн болмайтынын" мойындады. Оның пікірінше, Ауғанстаннан кету бұл елде вакуум тудырады және оны Ирактағыдай терроршылар толтырады. "Біз Ирактағы қателікті қайталай алмаймыз" деді Трамп.

Дональд Трамп өзіне дейінгі президент Барак Обама сияқты емес, жаңа ауған стратегиясы туралы егжей-тегжейлі айтып жатпады. Ол америкалық контингенттің қаншалықты артатынын және Ауғанстанда қанша уақыт болатынын да айтпады.

"Біз құрлықтағы әскеріміздің саны мен олардың қашан кететінін жарияламаймыз. Біздің стратегиямызды Ауғанстандағы жағдай анықтайды" деді Трамп. Оның сөзінше, америкалық әскери қолбасшылықтеррорлық топтарға соққы беруге қатысты кез-келген маңызды шешімді Вашингтонның санкциясынсыз жедел қабылдауға рұқсат алған. Бұған дейін Обама әкімшілігі армиядан мұндай операцияларға қатысты рұқсат алуды талап ететін.

Трамп АҚШ Ауғанстанда демократиялық қоғам орнатумен айналыспайтынын, мақсат - ауған билігін талибтермен және басқа да радикалдық террорлық топтармен соғыста қолдау екенін айтады. Ол өз әкімшілігі экономикалық, дипломатиялық және әскери ықпал ету тетіктерін қамтитын айқын, түсінікті стратегия құрғанын жеткізді.

АҚШ президенті сонымен қатар Исламабадқа шұғыл ескерту жасады. "Пәкістанда күн сайын біздің адамдарымызды өлтіргісі келетін ұйымдар пана тауып отыр. Бұл жағдай дереу өзгеруі тиіс. Пәкістанның өркениетке, тәртіп пен бейбітшілікке адал екенін көрсететін уақыт туды" деді Трамп. Ол Үндістанды Ауғанстанға барынша көбірек экономикалық көмек көрсетуге шақырды.

XS
SM
MD
LG