Accessibility links

Тиллерсон: АҚШ Кабулдың "Талибанмен" келіссөзін қолдайды


Рекс Тиллерсон, АҚШ мемлекеттік хатшысы.
Рекс Тиллерсон, АҚШ мемлекеттік хатшысы.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон Вашингтон қандай да бір алдын ала шартсыз Ауғанстан билігі мен "Талибан" қозғалысы арасында бейбіт келіссөз болуына қолдау білдіретінін мәлімдеді. Бұл жөнінде мемлекеттік департаменттің ресми сайтында жарияланды. Мәлімдеме АҚШ президенті Дональд Трамптың Ауғанстанға қатысты жаңа стратегиясын айқындағаннан кейін жарияланды.

Мемлекеттік хатшы АҚШ аймақта соғыстың тоқтауына Пәкістан мен Үндістан дипломатиясы мен халықаралық қауымдастық көмектеседі деп үміттенетінін айтты. Тиллерсон мәлімдемесінде талибтерді жеңу мүмкін еместігін, бірақ саяси мәмілеге келуге болатынын айтқан.

Ауғанстан президенті Ашраф Ғани өз еліне қатысты жаңа стратегиясын жариялағаны үшін президент Трампқа алғысын жеткізді. Ғани жаңа стратегия елде әскери және құқық қорғау құрылымдарының нығаюына сеп болады деп үміттенеді. Ал "Талибан" өкілдері болса, "АҚШ Ауғанстаннан әскерін алып кету керек, олай болмаған жағдайда, жихад жалғаса береді" дейді.

21 тамызда Трамп Ақ үйдің Ауғанстанға қатысты жаңа стратегиясын жариялады. Құжатқа сәйкес, америка әскері Ауғанстан территориясында қала береді. Бұдан бөлек АҚШ бұл елге қосымша төрт мың әскер жібереді. Трамп стратегиясын НАТО қолдады.

XS
SM
MD
LG