Accessibility links

Ақышев: Валюта нарығындағы жағдай тұрақты


Данияр Ақышев, Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы.
Данияр Ақышев, Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы.

Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев валюта нарығындағы жағдай тұрақты екенін мәлімдеді. Ақышев 22 тамызда доллардың айырбас бағамы 33 теңге 8 тиынды құрап, жыл басынан 0,2 теңгеге нығайғанын айтты.

Теңгенің долларға шаққандағы бағамының әлсіреуіне қатысты комментарий берген Данияр Ақышев "валюта бағамының құбылуын ақтап алатындай түбегейлі өзгерістер болмағанын" айтты. Ол валюта бағамының өзгеруін көбінесе алып-қашты әңгімелермен байланыстырды.

"Тамыздың басында теңге бағамы БАҚ пен әлеуметтік желілерде теңге кәдімгідей девальвацияға ұшырауы мүмкін деген кері әсері бар материалдар мен кейбір сыбыстардан кейін біраз құбылып тұрды" деді Ақышев.

2017 жылы 1 шілдеде доллардың ресми бағамы 322 теңге 27 тиын болса, 4 тамызда 335 теңге 71 тиынға дейін көтерілген. Кейбір сарапшылар бұл өзгерістерді АҚШ-та Ресейге қарсы санкция салатын заң қабылданған соң Ресей рублінің әлсіреуімен байланыстырған.

- Санкцияның Қазақстан экономикасына ықтимал әсері болады деп ойламаймыз және әлемдік шикізат нарықтары тұрақты болып тұрғандықтан Қазақстан экономикасына төнетін қауіп өте төмен, - деді Данияр Ақышев.

АҚШ Конгресі биыл шілденің соңында Ресейге Қырымды аннексиялап, Украина шығысындағы сепаратистерді қолдағаны және америкалық сайлау процесіне киліккені үшін санкция салу туралы заңды мақұлдаған. Тамыздың басында АҚШ президенті Дональд Трамп ресейлік энергетикалық компанияларға шектеу салатын заңға қол қойған.

7 тамызда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев премьер-министр Бақытжан Сағынтаевты қабылдаған кезінде Ресейге қарсы санкциялардың Қазақстан экономикасына ықпал етуі мүмкін екенін мәлімдеген болатын.

XS
SM
MD
LG