Accessibility links

Роттердамда полиция теракт қаупінен концертті өткізбей тастады


Massilo концерт залының маңынан табылған, газ баллоны бар испаниялық нөмірдегі шағын жүк көлігі. Роттердам, 23 тамыз 2017 жыл.
Massilo концерт залының маңынан табылған, газ баллоны бар испаниялық нөмірдегі шағын жүк көлігі. Роттердам, 23 тамыз 2017 жыл.

Нидерландтың Роттердам қаласында террорлық қауіп-қатерден рок-концерт өтпей қалды. Reuters агенттігінің хабарлауынша, полиция концерт өтетін Massilo залының маңынан газ баллоны бар, испандық нөмірдегі шағын жүк көлігін тапқан. Автобус жүргізушісі тұтқындалып, полиция бөліміне тергеуге әкетілген.

Роттердам мэрі Ахмед Абуталеб бұл инцидент болардың алдында Нидерланд билігі Испания билігінен террорлық қауіп төніп тұрғаны туралы ақпарат алғанын мәлімдеді.

Барселонадағы шабуылдан соң Еуропадағы қауіпсіздік жағдайы күрделі болып тұр. 17 тамызда Барселонаның орталығында шағын жүк көлігі қатты жылдамдықпен келіп жаяу жүргіншілерді қағып өткен. Бұдан 15 адам қаза тауып, 100-ден астам адам жараланған. Шабуыл жауапкершілігін "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымы мойнына алған.

Испания полициясының мәліметінше, терактіні 12 адамнан тұратын топ ұйымдастырған. Топ Барселонада туристер ең көп баратын орын - Саграда Фамилия соборын жармақ болған. Күдікті содырлар бомба дайындаған Альканардағы үйде газ толтырылған жүзден астам баллон табылған.

XS
SM
MD
LG