Германиялық либералдар жетекшісі Кристиан Линднер Қырымды аннексиялап алуды халықаралық құқық нормаларын бұзу деп атады. Ол аннексияланған Қырым туралы дауды "уақытша жаба тұруға" және бұл уақытта түбектің Ресей территориясына қосылғанын мойындамауға шақырды. Саясаткер өзінің бұған дейінгі Германия Қырымның аннексияланғанын мойындап, Мәскеуге қарсы санкциясын қайта қарауы тиіс деген мәлімдемесін осылай түсіндірді.
Тамыздың басында Германия еркін демократиялық партиясының жетекшісі Кристиан Линднер Ресеймен қарым-қатынасты жақсарту қажетін мәлімдеген. Оның сөзінше, "Қырымды Ресейдің иелігі деп мойындауды дауды белгісіз мерзімге уақытша шеше тұру амалы деп қабылдау керек". Саясаткер аннексияланған түбекке қатысты дауды жаба тұрып, Мәскеумен басқа бағыттар бойынша жұмыс істей беруді ұсынды. Линднер сонымен қатар егер Донбастағы қақтығысты реттеуде "аралық табыстарға қол жетсе" Кремльге қарсы санкцияны біртіндеп жоюға болатынын да айтты.
Линднердің сөзін Украина сыртқы істер министрлігі мен бірқатар БАҚ-тар сынады. Германия үкіметі Берлиннің Қырымға қатысты саясаты өзгермейтінін мәлімдеді. Берлин Қырым мәселесін Ресей Минск бейбіт келісімінің талаптарын орындаған соң ғана талқылауға болатынын айтады.
Ресей Қырымды 2014 жылы наурызда түбектің ресейшіл билігі ұйымдастырған референдумнан соң аннексиялап алған. Көптеген елдер мен БҰҰ Қырымды қосып алуды заңсыз деп санайды. 2017 жылы наурызда Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы "Қырымдағы адам құқықтарының жағдайы күрт нашарлағанын" хабарлаған.