Accessibility links

"БТА Банк ісі": Апелляция Садықовқа шартты жаза кесті


БТА Банк логотипі (Көрнекі сурет).
БТА Банк логотипі (Көрнекі сурет).

Алматы қалалық сотының апелляциялық алқасы БТА Банкі ісі бойынша үкімге берілген апелляциялық шағымды қарап, осы іс бойынша сотталғандардың бірі, банктің несие бойынша бұрынғы директоры Қайрат Садықовтың жазасын өзгертті. Садықов апелляциялық соттың қаулысы бойынша бес жыл бас бостандығынан шектелу жазасын алды. Маусым айында сот Садықовты 15 жылға соттап, жазасын ерекше режимдегі колонияда өтеуге үкім кескен. Ол кезде Садықов айыбын мойындамаған.

"Садықовқа бес жыл бас еркіндігін шектеу және 300 айлық есептік көрсеткіш (бір айлық есептік көрсеткіш 2269 теңге - Ред.) мөлшерінде айыппұл салу, үш жылға дейін банк ұйымдарында кәсіби қызметпен айналысу құқығынан айыру түріндегі түпкілікті жаза кесілді" деді Азаттыққа қалалық соттың баспасөз қызметінен. Сот Садықовқа кесілген жазаның не себепті өзгертілгенін айтпады.

Қайрат Садықовтың адвокаты Гаухар Төребева Азаттыққа жұбайының үйде және жағдайы "қалыпты" екенін айтты. Төребаеваның сөзінше, күйеуі апелляциялық шағымында айыбын мойындайтынын мәлімдеген.

Апелляциялық алқа БТА Банк ісі бойынша үкімнің қалған бөлігін өзгертпеген.

Алғашқы сот инстанциясы "БТА банкіндегі қаржы жымқыру" ісі бойынша негізгі айыпталушы - БТА банктің директорлар кеңесінің төрағасы болған, қазір шетелде тұратын Мұхтар Әблязовті сыртынан 20 жылға соттаған. Сот Әблязовті қылмыстық кодекстің "қылмыстық қоғамдастық құру, оған басшылық жасау", "сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иеленiп алу немесе ысырап ету", "БТА банк қаржысын жымқыру және оның ізін жасыру", "банк қаржысын заңсыз пайдалану" және "өкілеттіктерін теріс пайдалану" баптары бойынша кінәлі деп таныған. Үкім бойынша оның мүлкі тәркіленуі тиіс. Банктің бұрынғы басқарма төрағасы Сәдуақас Мәмеш пен басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Жақсылық Жарымбетов бұл істе "Әблязовтің жымқырған қаржысының ізін жасырды" деп айыпталып, бес жыл шартты жаза алған.

Францияда 2013 жылдың жазынан бері үш жылдан аса уақыт қамауда болған Мұхтар Әблязов 2016 жылы 9 желтоқсанда бостандыққа шыққан. Ол өзіне тағылған айыптарды мойындамайды және өзіне қарсы істің саяси астары бар деп таниды.

ВИДЕО: Әблязовқа шыққан сот үкімі (07.06.2017):

Соттың Әблязовқа шығарған үкімі нені меңзейді?
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:05 0:00

XS
SM
MD
LG