Испанияның Барселона қаласында сенбі күні терроризмге қарсы шеруге мыңдаған адам қатысты. Тамыздың 17-18 күндері жасалған террорлық шабуылдар салдарынан 15 адам қаза тауып, 120 адам жарақат алған. Зардап шеккен алты адам қазір ауыр халде жатыр.
Биліктің мәлімдеуінше, тамыздың 26-сындағы бейбіт шеру кезінде қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Ел тарихында алғаш рет испан королі Фелипе VI де шеруге қатысқан. "Біз қорықпаймыз, себебі сүйіспеншілік өшпенділікті жеңеді", - деген бейбіт акцияға қатысушылар.
Шеру соңында каталониялық танымал актриса Роза Мария Сарда және жергілікті мұсылман белсендісі Мириам Атиби сөз сөйлеген.
Тамыздың 17-і күні Барселонаның орталығында адам көп жүретін ауданда жаяу жүргіншілерді фургон көлігімен әдейі таптап өткен соң қылмыскерлер оқиға орнынан қашып кеткен. Тамыздың 18-іне қараған түні қылмыскерлер Барселонадан 135 километр жердегі Камбрильс қаласында тағы да жаяу жүргіншілерді көлікпен соғып өтіп, кейін полициямен атысқан. Шабуылға күдікті төртеудің сол жерде көзі жойылған. Жаралы күйде қолға түскен біреуі кейінірек қайтыс болған.
Барселонадағы терактілерге жауапкершілікті "Ислам мемлекеті" экстремистік тобы өзіне алған.