Accessibility links

Испания полициясы: "Үшінші теракт бола жаздады"


Барселонадағы шабуыл болған орын. 17 тамыз 2017 жыл.
Барселонадағы шабуыл болған орын. 17 тамыз 2017 жыл.

Испанияның Барселона қаласындағы қанды терактілерді АҚШ, Қазақстан және өзге елдер айыптады. Астана Барселонада қаза тапқандар мен жараланғандар арасында қазақстандықтар жоқ екенін хабарлады.

Кеше сағат 17.00-де Испанияның курортты қаласы Барселонаның орталығында ақ түсті фургон көлігі жаяу жүргіншілерді әдейі басып өткен. Шабуылдан кем дегенде 13 адам қаза тапқаны мәлім болып отыр, олардың ішінде балалар да бар. 100-ден астам адам жараланған. Полицияның хабарлауынша, құрбандар жайлы ақпарат әлі түпкілікті емес. Шабуыл Рамбла көшесінде жасалған - автокөлік тротуарда бұлталақтай жүріп, жүргіншілерді сыпыра соққан. Жүк көлігі Бокарий алаңында тоқтап, кінәлілер қашып кеткен.

Каталония полициясы шабуылды теракт деп бағалайды. Әуелі екі күдікті – Морокко азаматы мен Испания азаматы ұсталды, екеуінің аты-жөні әлі жарияланған жоқ. Рамбла бульварында жүрген адамдарды басып өткен көлік жүргізушісі қашып кеткен. Шабуылға жауапкершілікті "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымы мойнына алды.

Қаскүнемдер тобы тамыздың 18-іне қараған түні Барселонадан 135 километр жердегі Камбрильс қаласының портында екінші шабуыл жасады. Шабуылдаушылар әуелі жаяу жүргіншілерді соғып өткен, кейін полициямен атысқан. Шабуылдаушылардың төртеуінің сол жерде көзі жойылған. Жараланған біреуі ұсталды, бірақ ол алған жарақатынан кейінірек қайтыс болды. Жеті адам зардап шекккен, оның біреуі – полицей.

Бүгін Каталония полициясы Барселона мен Камбрильстегі терактілерге қатысты Риполь қаласында үшінші күдіктіні ұстады. Ұсталған адамның аты-жөні әлі жарияланған жоқ.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, Каталониядағы екі терактіге қатысы бар адамдар тағы бір шабуыл жасауды жоспарлаған. Агенттік дерегінше, полиция топта сегіз адам болғанын анықтаған. Олардың бәрі террорлық әрекеттермен айналысты деген күдікке ілінген. Тергеушілер топ мүшелері газ баллондарын жаруды жоспарлаған деп санайды.

Полиция Барселона мен Камбрильстегі шабуылдардың Каталонияның Альканара қаласында тұрғын үйде болған жарылыспен байланысы бар деп топшылайды. 16 тамызға қараған түнгі жарылыстан бір адам қаза тауып, оннан аса адам жараланған болатын. Болжам бойынша, әлгі үйдің тұрғындары жарылғыш зат дайындаған.

Азаттықтың сол күні Барселонада болған фрилансер тілшісі Анна Клевцова қазір қала "есеңгіреген күйде" деп хабарлайды.

- Кеше кешкісін теледидар мен әлеуметтік желілерде жұрттың үйден шықпауын өтінді, ал шабуыл кезінде қала орталығында болған адамдар жүрген жерінде бірнеше сағатқа қамалып қалған. Қаладан шығатын жолдардың бәрі жабық болды, орталықта метро мен поездар тоқтап қалды. Адамдар жолда сағаттап тұрды, біз қаладан түнде әрең шықтық, - дейді Анна Клевцова.

Қаза тапқандар мен жараланғандар арасында 24 елдің азаматтары бар. Қазақстан сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, қаза тапқандар мен жараланғандар арасында алдын ала мәліметтер бойынша қазақстандықтар жоқ. Астана бұл мәліметтерді Испания билігіне хабарласып нақтылап жатыр.

АҚШ президенті Дональд Трамп, Германия канцлері Ангела Меркель, Ресей президенті Владимир Путин және өзге де бірнеше ел басшылары шабуыл зардаптарын жою үшін Испанияға көмек ұсынды. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Испания королі Филипп VI-ға телеграмма жолдап, көңіл айтты.

Барселонадағы "теракт"
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:39 0:00

XS
SM
MD
LG