Accessibility links

Назарбаев: "АҚШ-пен халықаралық ұстанымымыз бірдей"


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (ортада) АҚШ делегациясын қабылдап отыр. Астана, 28 тамыз 2017 жыл
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (ортада) АҚШ делегациясын қабылдап отыр. Астана, 28 тамыз 2017 жыл

28 тамызда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ энергетика министрінің орынбасары Дэн Бруйллэттпен кездесті. Президенттің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, кездесуде Назарбаев Бруйллэттке "ЭКСПО-2017" мамандандырылған көрмесіне қатысқаны үшін ризашылық білдірген.

Президент Назарбаев ширек ғасырлық дипломатиялық байланыс кезінде Қазақстан мен АҚШ арасында сенімді ынтымақтастық қалыптасқанын айтты.

– Біз биыл дипломатиялық қарым-қатынасымыздың 25 жылдығын атап өтеміз. Осынау жылдар ішінде Қазақстан АҚШ-пен сенімді серіктестік орнатты, бұл қарым-қатынасқа ешқандай көлеңке түскен емес. Осы уақытта энергетика және демократиялық әріптестік салаларындағы келісімдерге қол қойылды. Біз ядролық қаруға қарсы күрес жүргізу мәселесін бірлесе шешіп отырдық. Халықаралық күн тәртібіндегі барлық мәселе бойынша Қазақстан мен сіздің елдеріңіздің ұстанымы бірдей болды, – деді Назарбаев.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда АҚШ капиталы салынған 500-ден астам компания жұмыс істеп жатқанын, олардың кейбірі Қазақстан экономикасына 40 миллиард АҚШ долларын құйғанын атап өтті.

Бруйллэтт АҚШ Президенті Дональд Трамптың атынан Нұрсұлтан Назарбаевты және барша қазақстандықтарды "ЭКСПО-2017" халықаралық көрмесінің өтуімен құттықтады. АҚШ энергетика министрінің орынбасары қазақстандық әріптесімен кездескенін, Вашингтонның Астанамен екі жақты қарым-қатынасты энергетика секторында ғана емес, басқа салаларда да жалғастыруға дайын екенін айтты.

Сапар қорытындысы бойынша таратылған Бруйллэттің ресми мәлімдемесінде:

"АҚШ Қазақстанды Орталық Азиядағы маңызды әріптесі деп санайды, өйткені сіздердің ұлттық экономикаларыңыздың көлемі Азияның осы өңіріндегі жалпы ішкі өнімнің 60 пайызын құрайды. Бұл елдеріңіздегі үлкен энергетикалық ресурстардың арқасында және энергетикалық әлеуеттеріңізді дамыту үшін серіктестермен ел ішінде және шетелдерде жұмыс істеуге ұмтылуларыңыздың арқасында мүмкін болып отыр" деп жазылған.

Бұған дейін АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі АҚШ энергетика министрі Рик Перридің Қазақстанға жоспарлаған сапары болмайтын болды деп хабарлаған. Перридің сапардан бас тартуына "Харви" дауылының өтінде қалған Хьюстон штатындағы төтенше жағдай себеп болған. Сондықтан Рик Перридің орнына Астанада өтіп жатқан халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесіне АҚШ президентінің делегациясын оның орынбасары басқарып келген.

XS
SM
MD
LG