Accessibility links

АҚШ пен Жапония Пхеньянның зымыран ұшырғанын айыптады


Токиолық тұрғындар көшедегі телеарна экранынан Солтүстік Кореяның Жапонияға қарай зымыран атқаны туралы хабарды тыңдап тұр. Жапония, 29 тамыз 2017 жыл.
Токиолық тұрғындар көшедегі телеарна экранынан Солтүстік Кореяның Жапонияға қарай зымыран атқаны туралы хабарды тыңдап тұр. Жапония, 29 тамыз 2017 жыл.

АҚШ президенті Дональд Трамп пен Жапония премьер-министрі Синдзо Абэ Солтүстік Корея 2009 жылдан бері бірінші рет Жапония территориясының үстінен баллистикалық зымыран ұшырған соң Пхеньянға қысымды күшейтуге келісті.

"Олардың ашу-ыза тудыратын, территориямыз арқылы зымыран ұшыру әрекеті бұрын-соңды болмаған, ойлантатын және аса қауіпті жайт. Ол аймақтағы бейбітшілік пен қауіпсіздікке айтарлықтай нұқсан келтіреді" деп мәлімдеді бүгін Абэ Токиода. Ол бұған байланысты БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл жиынын өткізуге шақырды.

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі таяуда ғана Солтүстік Кореяға құрлықаралық баллистикалық зымыран сынағаны үшін санкцияларды қатаңдатқан.

Жапония билігі зымыран Хоккайдо аралына жақын теңізге түскенін, ешқандай зардап келтірмегенін айтады. Бірақ 2700 километр қашықтыққа дейін ұшып, 550 километр биіктікке жеткен зымыран Солтстік Корея мамырда ұшырған орта қашықтықтағы зымыранның қуатымен бірдей болуы мүмкін. Пхеньян ол кезде ұшырған зымыраны АҚШ территориясына дейін жететінін мәлімдеген.

Пентагон зымыран АҚШ-қа ешқандай қауіп төндірмейтінін айтады. Бірақ АҚШ қарулы күштері штаб басшыларының біріккен комитетінің төрағасы Оңтүстік Корея билігінің «одақтастар Солтүстік Кореяға тегеурінді жауап беруі, оның ішінде әскери шара қолдануы тиіс" деген пікірімен келісетінін білдірді.

XS
SM
MD
LG