Accessibility links

Кабул орталығында банкте жарылыс болды


Кабул орталығындағы банк бөлімшесі алдында болған жарылыстан кейінгі сәт. Ауғанстан, 29 тамыз 2017 жыл.
Кабул орталығындағы банк бөлімшесі алдында болған жарылыстан кейінгі сәт. Ауғанстан, 29 тамыз 2017 жыл.

Кабул орталығында банкте жарылыс болып, бір адам қаза тапты деп хабарлады ауған билігі. Ауғанстан ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Наджиб Даниш жарылыс 29 тамыз күні күзеті күшті АҚШ елшілігіне жақын орналасқан Kabul Bank-тің бөлімшесіне кіреберісте болғанын хабарлады.

Министрліктің аты-жөнін атамаған қызметкері жарылыс қауіпсіздік күштерінің қызметкерлері мұсылмандардың Құрбан айт мейрамы қарсаңында жалақыларын алуға кезекте тұрғанда болғанын айтты.

Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі Вахид Маджро бір адам қаза тауып, жеті адам жараланғанын хабарлады. Бірақ Кабул полициясының ресми өкілі Басир Муджахид шабуылдан кем дегенде бес адам қаза тапқанын айтады. Ол жарылысты жанкешті шабуылы деп атады.

Әзірге жарылыс жауапкершілігін ешкім мойнына алған жоқ.

25 тамызда Кабулда шииттердің мешітіне жасалған шабуылдан 28 адам қаза тауып, 50 шақты адам жараланған. Ол шабуылдың жауапкершілігін "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымы мойнына алған.

XS
SM
MD
LG