Accessibility links

Атамбаев сайлау алдында "бүлікшілерге" ескерту жасады


Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев
Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев

Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев 15 қазанда өтетін сайлау кезінде елдің ішін дүрліктірушілер шықса, аямай жазалайтынын айтты. 30 тамыз күні Атамбаев өзін бұрынғы премьер-министр Сауранбай Жиенбековті (Сооронбай Жээнбеков) орнына қойып кетпек деп айыптаған қарсыластарына жауап берді. Ол мұндай сөз айтушыларды елдегі тұрақтылықты шайқамақ деп сөкті.

"1 желтоқсанға дейін әлі де президент болып қала беретінімді ұмытпайық. Елде тұрақсыздық тудырғысы келетіндерді жазаға тартуға жеткілікті уақытым бар" деді Атамбаев. Ол саяси бәсекелестерін отпен ойнамауға шақырып, "қолдары күйетінін" ескертті.

28 тамыз күні Өзген қаласында тұрғындармен кездесіп тұрып Атамбаев президентікке кандидат Жиенбековті "досым" деп атап, жаңадан тағайындалған премьер-министр Сапар Исаковты "өзім тәрбиелеген жас жігіт" деп сипаттаған. Жиенбеков те, Исаков та президент Атамбаев басқаратын Социал-демократиялық партияның мүшелері.

Оппозиция Атамбаев билік басында өзіне жақын адамдарды қалдыру арқылы саяси ықпалын сақтап қалмақ деп қауіптенеді. Елдің конституциясы бойынша бір саясаткер бір-ақ мерзім президент болып сайланып, қызмет атқара алады. Өз мерзімі бітер кезде Атамбаев 2016 жылғы желтоқсанда конституцияға өзгеріс енгізу бойынша референдум ұйымдастырып, премьердің өкілетін күшейтуге қол жеткізген.

XS
SM
MD
LG