Accessibility links

Тарасовтар әкіммен кездескен соң аштығын тоқтатты


Жедел жәрдем дәрігері аштық ұстап отырған зейнеткер Владимир Тарасовқа көмек көрсетіп жатыр. Өскемен, 29 тамыз 2017 жыл (Сурет Владимир Тарасовтың жеке мұрағатынан алынды).
Жедел жәрдем дәрігері аштық ұстап отырған зейнеткер Владимир Тарасовқа көмек көрсетіп жатыр. Өскемен, 29 тамыз 2017 жыл (Сурет Владимир Тарасовтың жеке мұрағатынан алынды).

Шығыс Қазақстан облысында тұратын ерлі-зайыпты зейнеткерлер - 75 жастағы Владимир Тарасов пен 71 жастағы Валентина Тарасова облыс әкімі Даниал Ахметовпен кездескен соң облыс әкімдігі алдында 25 тамыздан бері ұстап отырған аштығын тоқтатты.

Тарасовтар Азаттық тілшісімен әңгімесінде 31 тамыз - Қазақстан конституциясы күні өздеріне Даниал Ахметов "нөкерлерімен бірге" шығып, жарты сағат сөйлескен соң оларға 5 қыркүйек күні облыстық ішкі істер департаменті, прокуратура мен ҰҚК департаменті басшылары қатысатын комиссияның отырысында шағымдары қаралатынына уәде берген.

Тарасовтар 2013 жылы ақпанда 39 жасында көз жұмған ұлдары Григорий Тарасовтың өлімі бойынша қылмыстық істі тергеуді тоқтатқан және ұлдарының сүйегін қайта көмдірген полковник Талғат Ібікенов басқаратын тергеу тобының әрекетін заңсыз деп санап, оған қарсылық білдірген.

Тарасовтар бұған дейін Азаттыққа бес күн бойы акцияда бұрын өздерін қорғайды деп келген Даниал Ахметов шықпағанын айтқан болатын. Бірақ оларға облыс прокуроры Құсайын Игембаев екі рет шығып, тергеу тобының жетекшісі Талғат Игембаевтың ісі заңға қайшы емесін айтқан.

Талғат Ібікенов зейнеткер Тарасовтарға 3 тамызда қылмыстық істің тоқтатылғанын айтқан. Одан бір күн бұрын Тарасовтар тұратын Глубокое ауданының Белоусовка ауылында ата-анасының қарсылығына қарамастан Григорий Тарасовтың сүйегін қайта көмген.

Григорий Тарасовтың өліміне қатысты іс біресе жабылып, біресе зейнетерлердің тегеурінді қарсылығымен қайта ашылып келеді. Зейнеткерлер ұлдарының өлімін қайта тергеуді талап етеді. Тергеушілер "Григорий Тарасов жазатайым қаза тапқан" дейді, ал оның әке-шешесі "баламызды бизнесін тартып алу үшін бір топ адам өлтірген" деп біледі.

Григорий Тарасовтың мәйіті ол қаза тапқаннан соң 2013 жылы 20 наурызда жерленген. 2013 жылы қарашада оның денесін қосымша сот-медициналық сараптама жасау үшін қайта қазып алған. Тарасовтар ұлдарының сүйегі мәйітханада түпкілікті, жан-жақты және объективті тексеру жүргізу үшін сақталуы тиіс дейді.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG