Accessibility links

Ақтөбедегі жағымсыз иісті спирт өндірісінен көрді


Ақтөбе облыстық экология департаменті басшысы Жақсығали Иманқұлов (сол жақтан екінші) белсенділердің қалаға жайылған жағымсыз иіс туралы наразылықтарын тыңдап тұр. Ақтөбе, 27 шілде 2017 жыл.
Ақтөбе облыстық экология департаменті басшысы Жақсығали Иманқұлов (сол жақтан екінші) белсенділердің қалаға жайылған жағымсыз иіс туралы наразылықтарын тыңдап тұр. Ақтөбе, 27 шілде 2017 жыл.

Ақтөбені жағымсыз иістен арылту үшін құзырлы органдар соңғы 25 күнде 40-тан астам кәсіпорынды тексеріп шықты деп хабарлады аймақтағы экология департаменті өкілдері облыстық әкімдікте өткен баспасөз мәслихатында.

Экологтар "қаладағы жағымсыз иістің негізгі көзі - спирт өндірісінен шығатын қалдықтар" екенін айтты. Осыған орай олар Ақтөбедегі спирт шығаратын екі зауыттың бірі «БН-Ақтөбе» серіктестігін сотқа берген.

«Бұл серіктестікті мамыр айында тексеріп, локальды-тазалау қондырғысын орнатуды талап еткенбіз. Тамыз айында қайта тексергенімізде нұсқаманың орындалмағанын анықтадық» дейді облыстық экология департаментінің басшысы Жақсығали Иманқұлов.

«БН-Ақтөбе» зауыты қазір уақытша тоқтап тұр.

Экологтардың сөзінше, спирт шығаратын тағы бір зауыт «Максимус» ЖШС мамыр айындағы тексеру кезінде мамандардан ескерту алып, кейін зиянды қалдықтар мөлшерін азайтқан.

Ақтөбе облыстық экология департаментінің басшысы Жақсығали Иманқұловтың сөзіне қарағанда, жаппай тексерулер нәтижесінде кәсіпкерліктің үш субъектісіне локальді-тазалау қондырғыларын орнатуға нұсқама берілген. Осындай қондырғысы бар тағы 30 субъектіден зиянды заттар концентрациясын рұқсат етілген нормаға сәйкес келтіруді талап еткен.

«Ақтөбеліктер ендігі жерде таза ауамен тыныстайтын болады» деді облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов. Әкімдік бұл мәселені қоғам белсенділерімен бірге алдағы уақытта да жіті бақылап отыратындарын айтты.

Кейінгі айларда Ақтөбе қаласын жайлап алған жағымсыз иістен мезі болған белсенді тұрғындар бас қосып, билікке талап қоя бастаған. Әлеуметтік желілер арқылы топтасқан белсенді тұрғындардың талабынан соң Ақтөбеде жағымсыз иіске қатысты жиындар да жиілеген.

XS
SM
MD
LG