Accessibility links

Ақтөбені жайлаған жағымсыз иістің дауы ұлғайып келеді


Ақтөбе қаласы әкімі орынбасары Нағымжан Алдияров (оң жақтан бірінші) пен Ақтөбе облыстық экология департаменті басшысы Жақсығали Иманқұлов (сол жақтан екінші) белсенділердің қалаға жайылған жағымсыз иіс туралы наразылықтарын тыңдап тұр. Ақтөбе, 27 шілде 2017 жыл.

Кейінгі айларда Ақтөбе қаласын жайлап алған жағымсыз иістен әбден мезі болған белсенді ақтөбеліктер бас қосып, билікке талап қоя бастады. Әлеуметтік желілер арқылы топтасқан белсенді тұрғындардың талабынан соң Ақтөбеде жағымсыз иіске қатысты жиындар да жиіледі. Соның бірі шілденің 27-сі күні Ақтөбедегі ауыз су және канализация желілеріне жауапты «Ақбұлақ» акционерлік қоғамының акт залында өтті. Бірақ бұл жиында да тұрғындардың «жағымсыз иістен қашан құтыламыз?» деген ең басты сауалы жауапсыз қалды.

«Ақбұлақ» мекемесінің акт залына жиылған жұрттың қарасы 50-60-тай болды. Қала әкімінің орынбасары Нағымжан Алдияров, облыстық СЭС басшысы Нұрсұлу Беркімбаева, облыстың бас экологы Жақсығали Иманқұлов, "Ақбұлақ" АҚ президенті Асан Ыбыраев - төрге, наразы тұрғындар залдағы орындықтарға жайғасты. Жиынға тәуелсіз саналатын БАҚ тілшілерін шақырмағаны байқалды. Жергілікті "Диапазон" газетінің тілшісін акт залына "журналистерді шақырғанымыз жоқ" деген уәжбен кіргізгісі келмей бөгеді. Біраз даудан кейін оларды кіргізді. Азаттық тілшісін қаланы жайлаған жағымсыз иіске наразы тұрғындар шақырған еді. Жиыннан соң облыс әкімдігі өкілдері хабарласып, "Сізді жиынға кім шақырды?" деп сұрағанын да айта кету керек.

ТҰРҒЫНДАР ШАҒЫМЫ

- Біз мына жағдайға бұдан әрі бей-жай қарай алмайтын белсенділерміз. Мысалы, сізді қызмет бабымен Ақтөбеге жіберді делік. «Бара ғой, Ақтөбе болашақта миллион тұрғыны бар алып қалаға айналмақшы» дейді. Келесіз. Ал мұнда сасып жатыр. Жақсы ма?! Бұл қала соңғы үш жылда жағымсыз иістен арылған емес. Бұл тенденцияның тыйылар түрі жоқ -деді өзін «қарапайым қала тұрғынымын» деп таныстырған Шолпан Матканова.

Ақтөбе қаласына жайылған жағымсыз иіс туралы айтып тұрған белсенді тұрғындардың бірі Шолпан Матканова. Ақтөбе, 27 шілде 2017 жыл.
Ақтөбе қаласына жайылған жағымсыз иіс туралы айтып тұрған белсенді тұрғындардың бірі Шолпан Матканова. Ақтөбе, 27 шілде 2017 жыл.

Шолпан Матканованың сөзін іліп алып кеткен азамат өзін «Нұрлан Кашкеновпін» деп таныстырды.

- Мына проблема биыл шешілмесе, келер жылы жүздеген адам бір мезетте ауырып қалуы мүмкін. Өйткені, ауадағы жағымсыз иіс жыл сайын күшейіп бара жатыр. Осыдан үш жыл бұрын жаз маусымында мықтаса үш-төрт мәрте ғана жағымсыз иіс сезетінбіз. Биыл күнара жағымсыз иіспен тыныстап отырмыз, - деді ол.

Өзін «Нұрлан Кашкеновпін» деп таныстырған тұрғын наразылығын айтып тұр. Ақтөбе, 27 шілде 2017 жыл.
Өзін «Нұрлан Кашкеновпін» деп таныстырған тұрғын наразылығын айтып тұр. Ақтөбе, 27 шілде 2017 жыл.

Жиын қызу пікірталаспен, кезек-кезек жауаптасумен өтті. Сөз ләмдеріне қарағанда, бірін-бірі бұрын-соңды танымайтын қала тұрғындары әлеуметтік желілер арқылы біріккен. Топ белсенділері әлеуметтік желілер мен арнайы чаттарда билікке қояр жалғыз ғана талаптары бар екенін, ол – «таза ауамен тыныстау» екенін қайталаудан жалыққан емес.

- Бізді арандатқысы келетіндер бар екенін білеміз. Бірақ заңсыз митинг ұйымдастырып, көшеге шығатындай ойымыз жоқ. Біз жай ғана таза ауа жұтқымыз келеді, - дейді жиынға келген Ақтөбе қаласының тұрғыны Ерік Ормақов .

БИЛІК ӨКІЛДЕРІНІҢ ЖҰРТҚА АЙТҚАНЫ

Тұрғындар қайта-қайта сөздерін бөліп, жауапты мекемелердің уәждері үзіліп қалған сәттер де болды. Шенеуніктердің мәліметіне қарағанда, Ақтөбедегі ауаның ластануына бірнеше фактор әсер етіп отыр. Соның негізгісі – қаладағы түрлі өндіріс орындарынан шығатын қалдықтар. Облыстың бас экологы Жақсығали Иманқұловтың тұрғындарға түсіндіруінше «Ауаны ластаушы кәсіпорындар саны – 167. Оның 35-і азық-түлік өнеркәсібі. Соның ішінде бесеуі арақ-шарап шығарады».

Жиында «жағымсыз иістің көзі» саналып отырған бұл кәсіпорындарды жергілікті биліктің жаппай тексере бастағаны айтылды. Бұл туралы жиыннан кейін тұрғындармен болған кездесуді қорытындылаған баспасөз баянында да жазылған. Әкімдік хабарламасында «тексеру кезінде өнеркәсіптік ағынды суларды тазартатын құрылғы орнатпаған кәсіпорындар анықталса, жазаланатын болады» деп жазылған.

Тамыздың 10-ынан бастап зауыттардың бірі қалдықтарын қалалық кәріз жүйесіне төгуін тоқтатады, ал екіншісі қала сыртына шығарып, оларды арнайы техникамен өңдейтін болады. Сонымен қатар, осындай қалдықтар шығаратын өзге де кішігірім өндіріс орындарымен жұмыстар жалғасады.

«Өндіріс орындары қалдықтарының тазартылуын қадағалауы қажет, әйтпесе біз оларды кәріз жүйесіне қабылдауды тоқтатамыз. Спирт шығаратын екі зауытпен келісім бар. Тамыздың 10-ынан бастап зауыттардың бірі қалдықтарын қалалық кәріз жүйесіне төгуін тоқтатады, ал екіншісі қала сыртына шығарып, оларды арнайы техникамен өңдейтін болады. Сонымен қатар, осындай қалдықтар шығаратын өзге де кішігірім өндіріс орындарымен жұмыстар жалғасады» дейді облыстық әкімдік.

Ақтөбе облысы экология департаментінің басшысы Жақсығали Иманқұлов «Ақбұлақтағы» жиында жағымсыз иіске күннің ыстығы да себеп болып тұрғанын айтты.

- Сульфаттардың қосылуынан күкіртті сутегі түзіледі. Мынау соның иісі. Өндірістегі зиянды қалдықтардан бөлінетін сульфаттар қосылған кезде қыстыгүні де күкіртті сутегі пайда болады. Бірақ жұрт оны жазда күн ысыған кезде ғана сезеді. Біз бұл жайтты өндіріс орындарына сан мәрте айттық. Олар өндірістік қалдықтарын қоршаған ортаға тастар алдында тазартулары керек. Мысалы, «Жаңа Әлжан» ұн комбинатын алып қаралық, олар ескертуімізден соң өндіріске арнайы фильтр қойды. «Ақбұлақтың» мәліметінше, соның өзінде комбинат шығаратын өндірістік қалдықтардағы сульфат көрсеткіші 223 болып тұр. Ал норма -143. Сондықтан біз фильтрі бар кәсіпорындардың өзін жіті тексеріп шықпақ ойымыз бар, - деді Жақсығали Иманқұлов.

Жиында жергілікті билік өкілдері «алдағы дүйсенбіден бастап кәсіпорындардың қалдықтарын қалай тазартатынын жоспардан тыс тексеруді көбейтетіндерін» айтты.

Жағымсыз иіс желеуімен жаппай тексерулер басталатын болса, таяқтың қаттылау ұшы алдымен бізге, ұсақ кәсіпорындарға тиеді. Ірі өндірістер мен арақ-шарап шығарушыларға көп ешкімнің тісі бата қоймас. Өйткені, олар ірі салық төлеушілер. Әмбе ірі кәсіпорындарға миллиондаған қаржы шығарып, сүзгіш алғанша, штраф төлеген оңай.

Ал кәсіпкерлер әкімдіктің кәріз тексерулеріне басқа қырынан қарайды, бұл науқанды олар көбінесе коррупциялық астармен түсінуге бейіл. Азаттық тілшісі жиыннан соң хабарласқан, тамақ өнеркәсібімен айналысатын, жергілікті биліктің кәрі мен "Ақбұлақ" АҚ қысымынан қауіптенгендіктен аты-жөнін атамауды сұраған шағын кәсіпкер:

- Дүрмектің арасында кетіп қаламыз ба деп алаңдап отырмыз. Өйткені, жағымсыз иіс желеуімен жаппай тексерулер басталатын болса, таяқтың қаттылау ұшы алдымен бізге, ұсақ кәсіпорындарға тиеді. Ірі өндірістер мен арақ-шарап шығарушыларға көп ешкімнің тісі бата қоймас. Өйткені, олар ірі салық төлеушілер. Әмбе ірі кәсіпорындарға миллиондаған қаржы шығарып, сүзгіш алғанша, штраф төлеген оңай, - деді.

ӨНДІРІСТІК ҚАЛДЫҚТАН БӨЛЕК МӘСЕЛЕЛЕР

Тұрғындар алдында сөйлеген шенеуніктер сөзінен Ақтөбенің ауасын жағымсыз иіске толтыратын факторлардың тек өндірістік емес екені аңғарылады. Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Нағымжан Алдияров жеке сектордан канализациялық қалдықтарды таситын ассенизатор көліктерге GPS орнату мәселесін айтты.

- Ол көліктердің қалдықты қай жерден алып, қай жерге төгетінін бақылау үшін керек, - дейді ол.

Ал «Ақбұлақ» АҚ президенті Асан Ыбыраевтың сөзінен кәріз жүйесінің өзінде де ақаулар бар екені байқалды.

"Ақбұлақ" АҚ президенті Асан Ыбыраев.
"Ақбұлақ" АҚ президенті Асан Ыбыраев.

- «Ақбұлаққа» қарасты кәріз сорғысы станцияларының көпшілігі халық тығыз қоныстанған аудандарда. Олардан айналаға жағымсыз иіс тарайды. Әсіресе, №3, 15 және «Нұр Ақтөбе» ауданындағы кәріз сорғысы станциялары қиындық туғызып тұр. Олардан шыққан иісті жою үшін құны 120 миллион теңгелік қондырғы сатып алуымыз қажет, - дейді ол.

Жергілікті билік өкілдері наразы тұрғындарды «жағымсыз иіс көздеріне «ылғалды» барьер, арнайы көмірлі сүзгі қойып, ауаны ластаушы кәсіпорындарды өндіріс қалдықтарын тазалауға мәжбүрлесе», Ақтөбенің жағымсыз иістен арылатынына сендіруге тырысты. Алайда тұрғындар шенеуніктердің проблеманың түрлі астарларын айтып, «енді қашан таза ауамен тыныстаймыз?» деген сауалға нақты жауап бермеуіне шыдамсызданып кеткендері көріне бастады. Жиында өзін «406- зауыттың бас инженерімін» деп таныстырған тұрғын:

- Мен сіздердің айтқандарыңыздан бір нәрсені ұға алмай отырмын. Ақтөбе қашан жағымсыз иістен арылады? Мен және менің балаларым күкіртті сутегімен демалуды қашан тоқтатамыз. Қашан?! Қаңтар, ақпан, наурыз, сәуір? Әлде келер жазда ма?, - деді ренішті кейіппен. Мұндай төте сауалға қала әкімінің орынбасары Нағымжан Алдияровтың жауабы төмендегідей болып шықты:

Өзін "406-зауыттың бас инженерімін" деп таныстырған азамат.
Өзін "406-зауыттың бас инженерімін" деп таныстырған азамат.

- Қала ортақ, жұтып отырған ауамыз да ортақ. Бұл - облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бақылауындағы мәселе. Жергілікті билік қол қусырып қарап отырған жоқ. Бірнеше бағытта жұмыс істеп жатыр. Алғашқы қадамдар жасалды. Қазір 1980 жылы салынған кәріз тазарту ғимараттарын жаңғыртудың дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның техникалық-экономикалық негіздемесі жасалып, сараптамадан өтуде. Бұдан өзге, шетелдік компаниялармен қаладағы жағымсыз иісті бейтараптандыруға мүмкіндік беретін «ылғалды» тосқауылдарды қондыру бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр. Сонымен бірге, тамыз айында қалада орналасқан кәріз сорғылары станциаларында арнайы сүзгілер орнату жұмыстары басталады, - деді шенеунік.

Ал табиғат жанашыры, экологиялық жобалармен айналысатын жергілікті «Медет АТК» қоғамдық қоры директоры Александр Мандрыкин «жергілікті кәсіпорындарды «фильтр қойыңдар» деп мәжбүрлеу - ақшаны босқа шығындау» дейді.

- Өндірістегілер «самаурын» деп атайтын сүзгілерді орнату үшін кешенді технологиялық схема қажет. Мен оларға әуелі кәсіпорындарды түрлеріне қарай жіктеңдер деп, төртке бөлуді ұсындым, олар «Ақбұлақ» айтқандай екіге ғана бөлді. Мәселен тіпті бір кәсіпорында екі құбырмен бөліп жіберетін қалдықтар болуы мүмкін. Олар араласып кетсе реакция жүреді. Сосын, жобаны бекітілмей тұрып қоғамдық тыңдауға ұсынған жөн. Біз мәселен ылғалды барьер, көмірлі сүзгілердің тиімділігі туралы талқыладық па бұған дейін? Жоба бекітіліп, оған қаржы бөлініп қойған соң қоғамдық тыңдауға ұсынудың не қажеті бар? –дейді Мандрыкин.

Табиғат жанашыры, экологиялық жобалармен айналысатын жергілікті «Медет АТК» қоғамдық қоры директоры Александр Мандрыкин.
Табиғат жанашыры, экологиялық жобалармен айналысатын жергілікті «Медет АТК» қоғамдық қоры директоры Александр Мандрыкин.

Сөйтіп, ең басты сауалдарына жауап таппаған жиыннан жұрт екіұдай күйде шықты.

- Басымыз әбден қатты. Біздің әлеуметтік желілердегі парақшаларымызға осы мәселенің жай-жапсарына қанық мамандар қосылып, кеңес берсе екен. Әйтпесе, тұншығып қалатын түріміз бар. Күндіз аптап ыстық, кешке терезені аша қояйық десек, мүлде мүмкін емес, - деді үйіне қарай бет алған Шолпан Матканова.

Ақтөбе - Қазақстанның батыс бөлігіндегі ең ірі қала. Мұнда 380 мыңдай адам тұрады.

Қазақстанда қаладағы жағымсыз иіс дауы бірінші рет шығып тұрған жоқ. Астана қаласын жыл сайын жаздыгүні қолқаны қабатын жағымсыз иіс алып кететін. 2016 жылы көктемде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев сол кезде Астана әкімі болып тұрған Әділбек Жақсыбековке ескерту жасап,«Қала сасық. Егер мәселені биыл шешпесеңдер, Хорошун (әкім орынбасары – ред.) екеуіңе Талдыкөл (Астана маңындағы кәріз суы жиналатын орын – ред.) жанынан киіз үй тігіп беремін, сасықты иіскеп, сол жерде тұрасыңдар» деген еді. Астана тұрғындары қаланың кәріздің жағымсыз иісінен әлі де ада-күде арылып кетпегенін айтады.

  • 16x9 Image

    Жаңагүл ЖҮРСІН

    Жаңагүл Жүрсін - Азаттықтың Ақтөбе облысындағы тілшісі. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетін бітірген. Еңбек жолын Ақтөбе облыстық телевидениесінен бастап, әр жылдары осы өңірдегі түрлі БАҚ-та тілші, редактор, бас редактор қызметін атқарған. Азаттықпен 2011 жылдан бері әріптес.

XS
SM
MD
LG