Accessibility links

Путиннің көмекшісі: АҚШ-тағы Ресей консулдықтарын жабу рейдерлікке ұқсайды


Ресей президенті Владимир Путиннің көмекшісі Юрий Ушаков.
Ресей президенті Владимир Путиннің көмекшісі Юрий Ушаков.

Кремль АҚШ-тағы Ресей консулдықтары мен дипломатиялық өкілдіктерін жабуды рейдерлік әрекетке ұқсатады. Бұл туралы журналистерге Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков мәлімдеген. Оның сөзінше, америкалық билік Ресей меншігіндегі бес нысанды және Нью-Йорктегі жалға алынған Ресей үкіметінің сауда өкілдігі кеңсесін алып қойған. Екі елдің арасындағы шиеленістің ушығуы жайлы пікір білдірген Ушаков Мәскеудің бұл әрекеттерге жауап қайтаруды ойластыратыны туралы айтқан.

Бұған дейін жұма күні Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Мәскеудің АҚШ-пен араздасуды қаламайтыны және ол елмен конструктивті қарым-қатынасқа әзір екендігі, бірақ Вашингтонның жат қылықтарына қатаң жауап беретіні туралы мәлімдеген.

Тамыздың 31-і күні Вашингтон қыркүйектің 2-іне дейін Сан-Францискодағы Ресей бас консулдығын және тағы бірнеше дипломатиялық нысанды жабуды, сонымен бірге Вашингтон мен Нью-Йорктегі ресейлік дипломаттар санын қысқартуды талап еткен.

АҚШ мұндай қадамға Мәскеу биыл жазда Ресейдегі америкалық миссиялар қызметкерлері санын 755 адамға қысқарту туралы талап қойғаннан кейін барған. Кремль әлгіндей шешім АҚШ конгресінің Ресейге қарсы жаңа санкциялар салуына жауап ретінде қабылданғаны туралы мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG