Канада үкіметінің жасырын бағдарламасы арқасында Ресейдің Шешенстан республикасындағы жыныстық азшылық тобының отыздан аса өкілі Канададан пана тапқан. Бұл туралы хабарлаған The Globe and Mail басылымының дерегі бойынша, адамдарды жасырын көшіру үш ай бойы жалғасқан. Канада қоныс аударғандардың барлығына ресми түрде босқын мәртебесін берген.
Басылым жыныстық азшылық өкілдерін көшірумен канадалық Rainbow Railroad құқыққорғау ұйымы айналысқанын жазады. Ұйымның атқарушы директоры Кимахи Пауэлл Канадаға көшіп барғандар енді тіл үйреніп, жаңа қоғамға бейімделетінін айтады.
Шешенстанда жыныстық азшылық өкілдерін жаппай ұстап, азаптау және өлтіру оқиғалары туралы сәуір айының басында ресейлік "Новая газета" басылымы зерттеу мақаласын жариялаған. БҰҰ, АҚШ, Еуропа Одағы, Ұлыбритания мен халықаралық ұйымдар өкілдері Шешенстандағы гейлерді қудалау оқиғаларын зерттеуге шақырған.
Шешенстан республикасы басшылығы "ондай ақпарат шындыққа жанаспайды" деп мәлімдеген. Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров "пайда көру үшін жалған хабар таратты" деп құқыққорғаушыларды айыптаған.
Ресейдің адам құқықтары жөніндегі уәкілі Татьяна Москалькова "Новая газета" мақалаларында Шешенстанда жыныстық ерекшелігі үшін қудалауға ұшырағаны жайлы айтылған адамдардың туған-туыстарымен байланысқа шыққаны туралы хабарлаған.