Екатеринбургте дүйсенбі таңертең "Космос" кинотеатрына УАЗ көлігі келіп соқтығып, өрт шықты. Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, көлікте әлдебір сұйықтық пен үш газ баллоны болған. Бақылау камерасына жазылып қалған видеода УАЗ жүргізушісі көлігін соққаннан кейін өзі өртегені көрінеді. Өрт жарты сағат ішінде сөндірілді. Ешкім зардап шекпеді.
Ресей тергеу комитеті аймақтық басқармасының хабарлауынша, полиция Свердловск облысы Ирбит қаласының 39 жастағы тұрғынын қылмысқа күдікті деп ұстады. Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті психиатрдың есебінде тұрады.
Свердловск облысының құқық қорғау органдары акцияның алдын ала ойластырылған болуы да мүмкін екенін айтады. УАЗ жүргізушісі кинотеатр алдындағы алаңға кіру үшін көлік кірмесін деп кедергі ретінде қойылған бағандардың бірін орнынан қозғаған.
"Космос" кинотеатрында 2 қыркүйекте Уралдағы Ресей киносының ашық фестивалі басталған. Бұған дейін өздерін православ белсенділеріміз деп атағандар режиссер Алексей Учительдің "Матильда" фильмін көрсеткен кинотеатрды өртейтіндерін айтып доқ көрсеткен. Ураль кинофестикалінің бағдарламасына қарағанда, онда бұл фильм көрсетілмейді. Бірақ Екатеринбург мэрі Евгений Ройзман кинотеатрдағы оқиғаға "Матильда" фильміне деген қарсылық болуы мүмкін деген болжам айтып, Мемлекеттік дума депутаты Наталья Поклонскаяны бұған айдап салды деп айыптады.
Ресейдің соңғы патшасы Николай ІІ-нің балет бишісі Матильда Кшесинскаямен махаббат хикаясы туралы "Матильда" фильмі 2017 жылдың қазанында көрсетілуі тиіс, бірақ 2016 жылы трейлері шыққан бетте-ақ басы дауға ілінді. Фильмге қарсы кампанияны аннексияланған Қырымның бұрынғы прокуроры, Мемлекеттік дума депутаты Наталья Поклонская басқарып отыр. Депутаттың пікірінше, режиссер фильмде Ресейді "маскүнемдерге, дар ағашы мен зинақорларға толы ел" етіп сипаттаған.