Accessibility links

Николай патша туралы фильмнің дауы ұлғайды


Николай патшаның портреті жанында тұрған мемлекеттік дума депутаты Наталья Поклонская.

Ресейде биыл соңғы патша Николай ІІ өмірбаянын арқау еткен «Матильда» фильмі жарияға шықпақ. Бірақ көпшілік көрмеген картина туралы дау-дамай басталып кетті.

Ресейлік кинематографтар "мемлекеттік дума депутаты мен православ белсенділердің фильмге қарсы шығып, көрсетілімге кедергі жасайтын ойлары бар екенін" айтады. Николай ІІ туралы романтикалық фильмде болашақ патша мен жас балерина арасындағы ғашықтық оқиғасы баяндалады.

«ПАТРИОТТЫҚ СЕЗІМДІ ҚОРЛАЙДЫ»

Қырымнан шыққан депутат Наталья Поклонская «Матильда» фильмін көрсетпеуді талап етті. Кинематографтар одағы мұны «цензура» деп атап, ақпанның 7-сі күні Алексей Учительдің фильмін қолдап ашық хат жазды.

Киноодақтың 40-тан астам мүшесі қол қойған хатта "Православное государство – святая Русь" атты ұлтшылдар тобының да фильмге өшпенділікпен қарайтыны, ұйымның кинотеатрларға хат жіберіп, "фильмді көрсетсеңдер, өртейміз" деген қоқан-лоққы жасағаны" жазылған.

Ресей 2014 жылдың наурызында Украинаның Қырым түбегін аннексия жасап алғанда Поклонская бас прокурор болып тұрған еді, сол жылы қыркүйекте ол мемлекеттік думаға депутат болып сайланды.

Енді ол мәскеулік прокурорлар "Учительдің фильмі Ресейдің қылмыстық кодексін бұзады, діндарлардың діни сенімін қорлайды" деп мәлімдеуі керек" дейді. Оның айтуынша, "фильмде орыс православтары әулие деп танитын Николай патшаны күнәһар етіп көрсеткен".

Депутаттың пікірінше өз фильмінде Учитель Ресейді "маскүнемдерге, дар ағашы мен зинақорларға толы ел" етіп сипаттаған. "Матильда" фильмі 2017 жылдың қазанында көрсетілуі тиіс, бірақ 2016 жылы трейлері шыққан бетте-ақ басы дауға ілінді.

2000 оларды орыс православ шіркеуі әулие деп таныды.

Картинада тақ мұрагері Николай мен жасөспірім балерина Матильда Кшесинскаяның арасындағы махаббат хикаясы баяндалады, бұл оқиға 1894 жылы аяқталады. Николай неміс ханшайымына үйленеді, ол кейін Александра патшайым болады.

Николай ІІ патшаны 1917 жылғы төңкерістен кейін большевиктер тұтас отбасымен өлтірген болатын. 2000 оларды орыс православ шіркеуі әулие деп таныды.

Орыс православ христиандары мен "Царский крест" атты монархистер ұйымы фильмді "порнографиялық және патриоттық емес" деп атады. Поклонская бастаған топ қарашада фильмге қылмыстық іс қозғауды талап етті. Бірақ қаңтарда Мәскеудің бас прокуратурасы фильмнің діни сенімге қарсы келетіні туралы дәлел таппағанын мәлімдеді.

«ЦЕНЗУРАНЫҢ ЖАҢА ТҮРІ»

Бұдан соң 20 мыңнан астам орыс православ белсенділері Ресейдің мәдениет министрлігіне үндеу жасап, картинаға тыйым салуды талап етті. Петиция жазушылар қолдағаннан кейін, қаңтардың 30-ы күні Поклонская тергеудің қайта басталуын ресми түрде талап ететінін мәлімдеді.

Песковтың айтуынша, фильм жарыққа шыққан соң ғана «қорлау туралы» айтуға болады.

Орыс православ шіркеуі мен мәдениет министрлігі позицияларын айтпады. Ақпанның 7-сі күні Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков "президент әкімшілігі дауда еш тарапты қолдамайтынын" мәлімдеді. Песковтың айтуынша, "қорлау туралы" фильм жарыққа шыққан соң ғана айтуға болады.

"Киносоюз" одағының өкілдері жазған ашық хатта ресейлік кинематографтардың "цензурамен жақсы таныс екені, бұл құбылыстың талай суреткердің тағдырын талқандап, өнердің дамуына кедергі болғанын" айтады. Хат иелері "қандай ықпалды адам ұйымдастырса да, орыс мәдениеті цензураның жаңа үлгісінен қысым шекпеуі керек" деп жазған.

Рон Синовицтің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG