Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай және Оңтүстік Африка Республикасы (БРИКС) елдері Пәкістандағы экстремистік топтарды аймақтағы тұрақтылыққа қауіп төндіреді деп есептейді.
Қытайдың Сямэнь қаласында өткен саммитте БРИКС елдері қабылдаған мәлімдемеде Ауғанстандағы зорлық-зомбылықты доғаруға шақырған.
"Біз бейкүнә ауған азаматтарының қазасына себеп болған террорлық шабуылдарды айыптаймыз" делінген мәлімдемеде. Онда аймақтағы тыныштықты бұзатын топтар ретінде "Талибан" қозғалысы, "Ислам мемлекеті", "Әл-Каида" ұйымдары мен оның құрылымдары, соның ішінде "Шығыс Түркістан ислам қозғалысы", "Өзбекстан ислам қозғалысы", "Хаккани" желісі, "Лашкар-э-Тайба", "Джаиш-э-Мохаммад" және "Хизб-ут-Тахрир" ұйымдары аталды.
Үндістанның сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі БРИКС құжатында содырлардың тізімі жасалғанын "терроризммен күрестегі маңызды қадам" деп атады.