Accessibility links

Астанада ЕХРО-2017 көрмесінің жабылу рәсімі өтті


EXPO-2017 көрмесінің бас ғимараты жанынан өтіп бара жатқан велосипед мінген адам.
EXPO-2017 көрмесінің бас ғимараты жанынан өтіп бара жатқан велосипед мінген адам.

Жексенбі күні кешке Астанада EXPO-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің жабылу рәсімі өтті. Шарада сөз сөйлеген Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев көрменің "табысты өткенін" айтты деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Назарбаев көрме жұмысы кезінде "шағын және орта бизнестегі 1400-ден астам кәсіпорын құны 640 миллиард теңге болатын тауарларды жеткізуге және қызмет көрсетуге тапсырыс алып, туроператорлардың қызметіне сұраныс 1,8 есе артқаны" туралы айтқан.

"EXPO-2017 көрмесін өткізу арқылы біздің ел "жасыл" технологияларды дамыту идеясына берік екенін тағы да дәлелдей түсті", – деген ол.

Қазақстан президенті көрме жұмысын аяқтағаннан кейін оның павильондарына "Астана" халықаралық қаржы орталығы орналасатыны туралы хабарлаған.

"Көрме кешені толығымен инновациялық және орнықты дамудың мақсаттарына одан әрі қызмет ететін болады. Баршаңызды жаңа орталықтардың жұмысына белсенді атсалысуға шақырамын", – деген Назарбаев.

Сөзінің соңында көрмені өткізуге үлес қосқандар мен келген қонақтарға алғыс айтқан Назарбаев Астана ЕХРО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін жабық деп жариялады.

Астанадағы EXPO-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі осыдан үш ай бұрын, маусымның 10-ы күні жұмысын бастаған. "Болашақ энергиясы" тақырыбына арналған көрмеге өткен үш айда, ресми ақпарат бойынша, 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйым қатысып, жалпы саны 4 миллионға жуық адам тамашалаған.

XS
SM
MD
LG