Accessibility links

Назарбаев ислам әлемінің OIC15 форумын құруды ұсынды


Астанадағы Тәуелсіздік сарайы.
Астанадағы Тәуелсіздік сарайы.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ислам ынтымақтастығы ұйымының алдыңғы қатарлы он бес мемлекетінің қатысуымен OIC15 форумын құруды ұсынды деп хабарлайды Қазақпарат. Назарбаев бұл туралы бүгін Астанада жұмысын бастаған Ислам ынтымақтастық ұйымының ғылым және технологиялар жөніндегі саммитінде айтқан.

"Ислам әлеміндегі маңызды ғылыми-экономикалық мәселелерді шешу үшін G20 форумы сияқты бізге де бейресми топ құратын кез келді деп ойлаймын. Ислам ұйымының алдыңғы қатарлы он бес мемлекеті бірігіп, оны OIC15 деп атасақ дұрыс болар еді", - деген Назарбаев.

Қазақстан басшысы ислам әлемі үшін ғылым мен техникалар саласын дамыту мәселесі өте маңызды екенін, ол үшін алдыңғы қатарлы батыс елдерімен тұрақты байланыстар орнату қажеттігін айтқан.

"Олармен өзара байланыста болуымыз түбі ислам елдерінің ілгерілеуіне пайдасын тигізетіні анық", - деген ол.

Назарбаевтың пікірінше, ислам әлемі мен батыстың ашық диалогына жол ашатын басқосуларды жиі өткізіп, "ғасырлар бойы қалыптасқан түсінбестік тудыратын стереотиптік көзқарастардан бас тартқан жөн".

Жексенбі күні Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Ислам ынтымақтастық ұйымының ғылым мен технологиялар жөніндегі бірінші саммиті ашылды. Екі күнге жалғасатын жиынға ИЫҰ-ға мүше елдерден, халықаралық және аймақтық ұйымдардан 80-ге жуық делегация қатысып отыр.

1969 жылы қыркүйекте негізі қаланған Ислам ынтымақтастығы ұйымына қазіргі кезде 1,5 миллиардқа жуық адамды қамтитын 57 ел мүше. Қазақстан 1995 жылдан бері халықаралық ұйымның толық құқылы мүшесі.

XS
SM
MD
LG