Accessibility links

Ердоған мұсылман әлемін Мьянмадағы шиеленісті шешуге шақырды


Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған. Стамбул, 8 қыркүйек 2017 жыл.
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған. Стамбул, 8 қыркүйек 2017 жыл.

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған әлемдегі мұсылман мемлекеттерін Мьянмадағы жағдайды реттеуге шақырды. Ол бұл туралы Астанада өтіп жатқан Ислам ынтымақтастығы ұйымның ғылым және технологиялар жөніндегі бірінші саммитінде мәлімдеді деп хабарлайды Қазақпарат агенттігі.

Түрік лидері Мьянмада зорлық-зомбылық өршігеннен кейін ол елден бассауғалап көрші Бангладешке қашып барған мыңдаған рохинджа мұсылмандарына жәрдемдесуге үндеген.

"Мьянмадағы бауырларымыз қиын жағдайға кезікті. Олар өз үйлерін тастап, босып кетуге кетуге мәжбүр болды. Біз бұл әділетсіздікті бірге тоқтатуымыз қажет. Бангладеш пен Мьянма үкіметтерімен келісе отырып, ол жердегі "адамзат драмасын" шешуіміз керек", - деген Ердоған барша мұсылман елдерін "Мьянмадағы бауырларға қол ұшын созуға" шақырған.

Саммиттегі сөзінде Түркия президенті кезінде білім, ғылым мен инновациялардың орталығы болған ислам әлемінде бүгінде оларға көп көңіл бөлмей, соның салдарынан озық ойлы ғалымдар Батысқа кетіп жатқанын айтқан.

"Қазіргі кезде әлемдегі мұсылман халқының 55 пайызы сауатсыз. Экономикалық даму және ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттерде білім беру саласына жалпы ішкі өнімнің 5,2 пайызын жұмсалады. Ал мұсылман елдерінде аталған көрсеткіш 1 пайызға да жетпейді", - деген ол.

Ердоған мұсылман елдерін білім мен технологиялық жетістіктерге көңіл бөліп, өзара студенттер мен оқытушылар алмасу, университеттер арасындағы байланысты дамытуға шақырған.

1969 жылы қыркүйекте негізі қаланған Ислам ынтымақтастығы ұйымына қазіргі кезде 1,5 миллиардқа жуық адамды қамтитын 57 ел еніп отыр. Қазақстан 1995 жылдан бері халықаралық ұйымның толық құқылы мүшесі.

XS
SM
MD
LG