Accessibility links

Ақмола гарнизонының әскери соты биыл 24 тамызда ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Нартай Дүтбааевтың қылмыстық ісі мен оған қатысты үш адамға үкім шығарған. Сот процесі жабық түрде өтті. Сот үкімі туралы ресми ақпарат бүгін ғана Қазақстан Әскери сотының сайтында жарияланды.

Үкім бойынша, Нартай Дүтбаев мемлекеттік құпияны жариялады және қызмет бабын асыра пайдаланды деген айып бойынша кінәлі деп танылып, жеті жыл алты ай бас бостандығынан айыру жазасы кесілген. Бұған қоса Дүтбаевтың мемлекеттік лауазымды қызмет атқаруына өмір бойына тыйым салынып, оны "генерал-лейтенант" әскери шенінен және мемлекеттік наградаларынан айыруға ұсыныс жасалған.

"Дүтбаев ісі" бойынша сотқа тартылған Раис Мұратов пен Нұрлан Хасен де та осындай қылмыс жасады деп айыпталып, екеуіне де бес жылға бас бостандығынан және өмір бойы мемлекеттік лауазымды қызмет атқару құқығынан айыру жазасы тағайындалған. Нұрлан Хасеннің мемлекеттік наградаларынан айыруға ұсыныс жасалған.

"Дүтбаев ісіндегі" соңғы сотталушы Ерлан Нұртаев "мемлекеттік құпияны жариялауға болысты" деп айыпталып, үш жыл алты айға бас бостандығынан айыру және мемлекеттік лауазымқы қызмет атқару құқығынан айыру жазасы кесілген.

Әскери соттың ақпаратына қарағанда, үкім заңды күшіне әлі енбеген.

Нартай Дүтбаев – Қазақстан тәуелсіздігін жариялағалы бері өткен ширек ғасырда сотталған арнайы қызметтің екінші басшысы. Біріншісі – арнайы қызметті екі рет басқарған, ал 2008 жылы "мемлекетке опасыздық жасады" және "мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекеттенді" деген айыптар бойынша сырттай сотталған Әлнұр Мұсаев. ҰҚК басшылары ретінде Мұсаев пен Дүтбаевтың аты-жөнін ҰҚК сайтынан алып тастаған.

Нартай Дүтбаев ҰҚК-ні 2001 жылғы желтоқсаннан 2006 жылғы ақпанның 22-сіне дейін басқарған. Ол оппозиция жетекшісі Алтынбек Сәрсенбайұлын қастандықпен өлтіруге ҰҚК-нің "Арыстан" арнайы жасағы қызметкерлерінің қатысы бары анықталғаннан кейін отставкаға кеткен. Дүтбаев отставкаға кеткен соң ҰҚК академиясының басшысы, президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңесшісі болды, аз уақыт "Қазатомөнеркәсібі" ұлттық компаниясының вице-президенті қызметін атқарды.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG