Accessibility links

ҰҚК экс-басшысы Нартай Дүтбаев жеті жарым жылға сотталды


Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Нартай Дүтбаев. 5 сәуір 2012 жыл.
Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Нартай Дүтбаев. 5 сәуір 2012 жыл.

ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Нартай Дүтбаевқа сот жеті жарым жыл түрме жазасын кесті. Екі жарым апта бұрын шыққан үкім туралы ақпаратты әскери сот 11 қыркүйекте жариялады. "Дүтбаев ісі" туралы Азаттық жолдаған сауалды өткен апта бойы қараған сот дүйсенбіге дейін шулы іс бойынша жабық өткен соттың үкімі шыққаны жайлы ақпаратты я растамай, я жоққа шығармай келген еді.

ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Нартай Дүтбаевқа сот жеті жарым жыл түрме жазасын кесті. Екі жарым апта бұрын шыққан үкім туралы ақпаратты әскери сот 11 қыркүйекте жариялады. "Дүтбаев ісі" туралы Азаттық жолдаған сауалды өткен апта бойы қараған сот дүйсенбіге дейін шулы іс бойынша үкім шыққаны жайлы ақпаратты я растамай, я жоққа шығармай келген еді.

Үкімге сәйкес, ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Нартай Дүтбаев "мемлекеттік құпияны жария еткені" және "қызмет өкілеттігін асырғаны" үшін айыпты деп танылып, жеті жарым жылға бас бостандығынан айырылған. Сонымен бірге, мемлекеттік лауазымды қызмет атқаруына өмір бойына тыйым салынып, оны "генерал-лейтенант" әскери шенінен және мемлекеттік наградаларынан айыру туралы ұсыныс жасалған.

Өткен жылдың соында Дүтбаевпен бірге тұтқындалған бұрынғы шенеуніктер, оның туыстары делінетін Нұрлан Хасен мен Ерлан Нұртаевқа да түрме жазасы тағайындалған. Нұрлан Хасен "мемлекеттік құпияны жария еткені" және "қызмет өкілеттігін асырғаны" үшін бес жылға бас бостандығынан және өмір бойы мемлекеттік лауазымды қызмет атқару құқығынан айырылған. Ерлан Нұртаев "мемлекеттік құпияны жариялауға болысты" деп айыпталып, сот оны үш жыл алты айға бас бостандығынан және мемлекеттік лауазымды қызмет атқару құқығынан айырған. Іс бойынша жауапқа тартылған тағы бір адам – Раис Мұратов та "мемлекеттік құпияны жариялағаны" және "қызмет өкілеттігін асырғаны" үшін бес жылға бас бостандығынан және өмір бойы мемлекеттік лауазымды қызмет атқару құқығынан айырылған.

Бұған дейін ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Нартай Дүтбаевқа түрме жазасы тағайындалғаны туралы Азаттық тілшісіне сот процесі барысынан хабардар дереккөз хабарлаған еді. "Дүтбаевтың ісі" биылғы шілдеден бері Ақмола гарнизоны сотында қаралған болатын.

ҮКІМ ТУРАЛЫ ХАБАРЛАМАНЫҢ ЖОБАСЫ

Төменгі сатыдағы әскери соттардың апелляциялық соты саналатын Қазақстан әскери сотына Азаттық сауал жолдаған еді. "Нартай Дүтбаев пен бұл іске қатысты өзге айыпталушыларға қандай үкім шықты?"; "Егер сотталса, оларға қандай айыптар бойынша қандай жаза кесілді?"; "Олар қазір қайда?" деген сұрақтарына жауапты редакция 5 қыркүйектен бері күтіп отыр. Сол күні Азаттық тілшісіне телефон арқылы хабарласудың сәті түскен әскери соттың баспасөз хатшысы "Дүтбаев ісіне" қатысты шыққан үкім жайлы хабарлама сәрсенбіде, яғни 6 қыркүйекте әскери сот сайтында жариялануы мүмкін деп хабарлаған болатын.

Бірақ "уәде етілген" күні әлгі хабарлама сайтта жарияланған жоқ. Әскери соттың баспасөз қызметі мұның себебін "Дүтбаевтың ісіне" қатысты ресми хабарламаны бүгін жариялау мүмкін болмай жатыр деп түсіндіріп, оны 7 қыркүйекте жариялауға уәде еткен.

Бірақ "Дүтбаевтың ісіне" қатысты шыққан үкім жайлы хабарлама сайтта 7 қыркүйекте де жарияланбады. Себептерін сұраған Азаттық тілшісін ведомство өкілдері "Дүтбаевтың ісі" бойынша шыққан үкім туралы ресми хабарлама мәтіні жоғарғы соттың бекітуіне жолданды, бірақ оны бекітуге көп уақыт кетпейді деп иландырды.

"Дүтбаевтың ісі" бойынша шыққан үкім туралы ресми хабарлама жобасы жоғарғы соттың бекітуіне түскенін ведомствоның баспасөз қызметі де растады. Баспасөз қызметі өкілдері "жоба 7 қыркүйекте бекітілуі мүмкін, оны әскери соттың сайтында өзіміз де жариялай саламыз" деді.

Бірақ жағдай сол қалпы өзгерген жоқ. Әлгі ақпарат сайтта ертеңінде де жарияланбады. Әскери соттың баспасөз қызметі Азатық тілшісіне "біздің де жағдайды түсінуіңізді өтінеміз, бұған біз ештеңе істей алмаймыз" деді. Жоғарғы соттың баспасөз қызметі "Дүтбаевтың ісі" бойынша шыққан үкім туралы ресми хабарламаның жобасы соттың тиісті қызметкеріне (оның аты-жөнін атаудан бас тартты) берілгенін, бірақ "Дүтбаевтың ісі" бойынша шыққан үкім туралы ресми хабарлама жобасын қарауға оның "мұршасы болмай жатқанын" айтты.

Азаттық дереккөзінің мәліметінше, сотталғандар мен олардың адвокаттары үкімге қатысты шағымданбаса немесе прокуратура қарсылық білдірмесе, "Дүтбаевтың ісі" бойынша шыққан үкім 8 қыркүйекте заңды күшіне енген болуы мүмкін.

Ал 11 қыркүйекте әскери соттың сайтында Дүтбаев пен қылмыстық іс бойынша айып тағылған өзге адамдарға үкім шыққаны туралы ақпарат жарияланды. Онда үкімнің әлі "заңды күшіне енбегені" айтылған.

Азаттыққа хабарласудың сәті түскен Нартай Дүтбаевтың туыстары комментарий беруден бас тартты.

ҚҰПИЯЛАР

Жұртты шулатқан "Дүтбаев ісін" тергеуді құпияландыру мен сот процесінің жабық өтуі қоғамда қилы болжамдар тудыруға, бірақ Дүтбаевтың күйреуі – элиталар ішіндегі тартыстың нәтижесі деген ортақ ұйғарым жасауға түрткі болды.

Қазақстандағы адам құқығы бюросының директоры Евгений Жовтис Азаттықпен әңгімесінде "Біздегі сот төрелігі осындай, сондықтан мұндай сот төрелігін элитааралық тартыс ретінде ғана бағалауға болады" дейді.

Ол "Дүтбаев ісінде" тергеу амалдарын құпия ұстап, ал сот процесі жабық режимде өткенімен қоймай, үкімнің жарияланбауы негізінде осындай тұжырым жасайды, бірақ құқыққорғаушының сөзінше, ең құпия деген істер бойынша мұндай ақпарат жариялануы тиіс.

– Іш жақта бірдеңе болып жатыр. Ол жақта бірнеше топ бар, олар бір-бірін түртпектейді, ақыры біреуі жеңіледі. Ал сосын әлгі жеңілісті заң жүзінде ресімдей салады, - дейді Евгений Жовтис.

Ол тіпті Сталин тұсындағы Үлкен террор кезеңінің өзінде "халық жауларының" соттары ашық өткенін еске салады.

ІСТЕРДІҢ ТОҒЫСУЫ

Бұл іске қатысты фактілер мүлде дерлік жоқ, бірақ есесіне қилы болжамдар көп, соның бірі – белсенді әрекетке көшкен оппозициялық саясаткер әрі бұрынғы банкир Мұхтар Әблязовпен байланысының кесірінен Нартай Дүтбаевты "қырсық шалды" деген болжам.

Бағлан Майлыбаевтың Қазақстан президенті әкімшілігі басшысының орынбасары кезіндегі суреті. Астана, 19 ақпан 2015 жыл.
Бағлан Майлыбаевтың Қазақстан президенті әкімшілігі басшысының орынбасары кезіндегі суреті. Астана, 19 ақпан 2015 жыл.

Бұған қоса, "Дүтбаевтың ісін" мемлекеттік құпияны жария етті деген айыппен биылғы маусымда бес жылға сотталған президент әкімшілігі жетекшісінің бұрынғы орынбасары Бағлан Майлыбаевтың ісімен байланыстыруға әрекеттенгендер де болды. Майлыбаевты Дүтбаев ұсталғаннан кейін шамамен жарты айдан кейін – 12 қаңтарда тұтқындаған. Оның ісіне қатысты тергеуді де құпия жүргізген, ал сот жабық режимде өткен.

Коррупциялық қылмыстары үшін сотталған жоғары лауазымды өзге шенеуніктерден айырмашылығы сол, Нартай Дүтбаев пен Бағлан Майлыбаев – "саяси" баптар бойынша сотталған маңызды тұлғалар. Бірақ екеуінің ісін өзара байланыстыруға олардың адвокаттары қарсы шыққан. 2017 жылғы қаңтардың 27-сінде ҰҚК Дүтбаев пен Майлыбаевтың істерін құпия деп хабарлаған. Бұдан кейін әлгі екі істі байланыстыруға тырысқандар байқалған жоқ.

Бұған қоса, "Дүтбаевтың ісіне" қатысты сотта тергеу үшін "Қазатомөнеркәсібі" ұлттық компаниясының қамауда отырған бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішевті биыл көктемде Алматы облысы Заречный кентіндегі түрмеден Астанаға апарған болатын. Ол оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтің жақын досы ретінде белгілі. 2009 жылы 14 жылға сотталған Жәкішев қазір түрмеде жазасын өтеп жатыр.

Қамауда отырған "Қазатомөнеркәсібі" ұлттық компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішев ҰҚК-нің тергеу абақтысында "Время" газетіне сұхбат беріп отыр. Астана, шілде, 2009 жыл. Сурет www.time.kz сайтынан алынды.
Қамауда отырған "Қазатомөнеркәсібі" ұлттық компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішев ҰҚК-нің тергеу абақтысында "Время" газетіне сұхбат беріп отыр. Астана, шілде, 2009 жыл. Сурет www.time.kz сайтынан алынды.

Астанадағы сот тергеуінен кейін Жәкішевті Алматы облысындағы түрмеге қайта апармай, кей сарапшылардың пікірінше, бұрынғы Карлаг тәртібі сақталып қалған Қарағанды облысы Долинка кентіндегі түрмеге жіберген. Бұл факті "Дүтбаевтың ісіне" қатысты тергеу кезінде Жәкішев Әблязовті "сатпаған" деген ұйғарым жасауға түрткі болған.

ӘБЛЯЗОВКЕ КӨМЕКТЕСТІ МЕ?

Жария баспасөзде және әлеуметтік желілерде ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Нартай Дүтбаев шетелде белсенді әрекеттерге көшкен Мұхтар Әблязовке ақпарат беремін деп "ұсталып қалды" деген болжам көбірек айтылып жүр.

Мысалы, "Общественная позиция" газетінде Дүтбаев Әблязовпен ықтимал байланысы кесірінен "омақасты" деген негізгі болжамды жан-жақты қарастырады.

"ЗА ЧТО ответит "ДУТ"?" ("ДҮТ неден жазықты болды? ") деген мақала авторы Димаш Азаматов "...Дүтбаев Әблязов жаққа оны Франция түрмесінен босатуға көмектескен мәліметтер берген, сондықтан Мұхтар Әблязовті экстрадициялау операциясы сәтсіздікке ұшырауына байланысты оны кінәлі етіп шығарды әрі Әблязовтің отбасын Италиядан алып кетуге байланысты туған халықаралық жанжалды да оның мойнына ілді. Бұған қоса, кезінде Әблязовтің әйелі мен қызын алып келген Хасен Нұрлан Дүтбаевтың күйеубаласы болып келеді" деген болжам жасайды.

Оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов.
Оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов.

Ал Мұхтар Әблязовтің өзі 31 тамыз күні әлеуметтік желілерде "ҰҚК "жаншуына" түсуі мүмкін барлық ықтимал құрбандарға" "егер бұл түрмеден шығуға немесе жақындарыңыздың өмірін құтқаруға көмектессе, маған қарсы куәлік ете беріңіздер" деген ұсыныс жасады.

"Ондай куәліктерден маған келіп-кетер ешқандай қатер жоқ. Қазақстан соттарының шешімдерін Батыс елдері қабылдамайды. Бұл ойдан құрастырылған айыптар екенін Қазақстанда жұрттың бәрі жақсы түсінеді, ал менің саяси беделіме нұқсан келтіруге ҰҚК мен Назарбаевтың шамасы жетпейді" деп мәлімдеген Мұхтар Әблязов.

Оқи отырыңыз: Нартай Дүтбаев ісінің құпиялары

ҰҚК САЙТЫНДА ДҮТБАЕВ ПЕН МҰСАЕВ ЖОҚ

Нартай Дүтбаев – Қазақстан тәуелсіздігін жариялағалы бері өткен ширек ғасырда сотталған арнайы қызметтің екінші басшысы. Біріншісі – арнайы қызметті екі рет басқарған, ал 2008 жылы "мемлекетке опасыздық жасады" және "мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекеттенді" деген айыптар бойынша сырттай сотталған Әлнұр Мұсаев. ҰҚК басшылары ретінде Мұсаев пен Дүтбаевтың аты-жөнін ҰҚК сайтынан алып тастаған.

Нартай Дүтбаев ҰҚК-ні 2001 жылғы желтоқсаннан 2006 жылғы ақпанның 22-сіне дейін басқарған. Ол оппозиция жетекшісі Алтынбек Сәрсенбайұлын қастандықпен өлтіруге ҰҚК-нің "Арыстан" арнайы жасағы қызметкерлерінің қатысы бары анықталғаннан кейін отставкаға кеткен. Дүтбаев отставкаға кеткен соң ҰҚК академиясының басшысы, президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңесшісі болды, аз уақыт "Қазатомөнеркәсібі" ұлттық компаниясының вице-президенті қызметін атқарды.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG