Accessibility links

Сарапшы: «Рахат Әлиевті тұншықтырып өлтірген»


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеубаласы, Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшісі Рахат Әлиев.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев отбасының адвокаттары оның қазасына қатысты «күмәнді жайттар өте көп» дейді. Сондықтан олар Әлиев Австрия түрмесінде өзін-өзі өлтірді дегенге сенбей, қайта тергеу жүргізуді талап етіп отыр.

Вена прокуратурасы жақында «Рахат Әлиевтің өзін-өзі өлтіргеніне күдік жоқ» деп мәлімдеген. Соған қарамастан, марқұмның отбасының адвокаттары оны Австрия түрмесінде «өлтірген» деп, тергеуді жалғастыруды талап етіп отыр.

Вена қаласы басшылығы осыдан екі жыл бұрын түрме камерасында қабырғаға орнатылған киімілгішке асылып қалған 52 жастағы Әлиевті біреулер өлтірді дейтіндей еш айғақ табылмағанын ақпанның 14-інде хабарлаған. Швейцариядағы Сант-Галлен құқықтық медицина институтының соңғы есебіне сүйенген олар Әлиевтің қазасына бөтен ешкімнің қатысы болмаған деген қорытынды жасады.

Бұрынғы дипломат, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев Йозефштадт түрмесінде жұмбақ жағдайда қаза болған соң оның өлімін әлдекімдер ұйымдастырды ма деген күдік күшейген. Себебі ол президент отбасы мен оның айналасына қатысты құпия ақпаратқа қанық адам еді. Қазақстан президентінің үлкен қызы – Дариға Назарбаеваның күйеуі болған, қауіпсіздік және дипломатия салаларында жауапты қызметтер атқарған оның президент отбасымен байланысы өте күшті болған.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға мен оның бұрынғы күйеуі Рахат Әлиев. 4 желтоқсан 2005 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға мен оның бұрынғы күйеуі Рахат Әлиев. 4 желтоқсан 2005 жыл.

Марқұмның екінші әйелі – Эльнара Шоразованың адвокаты Клаус Айнедтер ақпанның 14-інде Азаттық радиосына берген сұхбатында Әлиев әулеті жалдаған заңгерлер тобы германиялық құқықтық медицина маманы Бернд Бринкманмен бірлесіп Сант-Гален институты дайындаған есеппен мұқият танысып шығатындарын хабарлады. «Әлиевтің төс сүйегі сынған деген ақпарат – веналық тергеушілер елемей кеткен өте маңызды дерек» дейді олар.

Кісіні төсінен аяқпен (не тіземен) басып, мұрны мен аузын бітеп тұншықтырған жағдайда оның кеуде сүйегі сынуы мүмкін дейді сарапшылар.

Ақпанның 10-ы күні австриялық депутат Ханнес Йаролим Алиевтің ісіне байланысты кісі өлтіру бабы бойынша тергеу жүргізуді талап етті.

Австрия социал-демократиялық партиясының әділет жөніндегі өкілі Йаролим марқұмның «кеуде сүйегінің сынғаны үлкен күдік туғызатын жайт» екенін айтады.

Швейцариялық институттың былтыр желтоқсанда жарық көрген есебі жалғыз кісілік камерада өлі күйінде табылған Әлиевтің асылып өлгенін айғақтайтын фото және басқа да материалдар негізінде жазылған.

Азаттыққа сұхбат берген Бринкманн мәйітті сою есебі мен 140-қа жуық фотосуреттерді қарап шыққан соң «асылып өлудің емес, тұншықтырудың айғақтарын көбірек байқағанын» айтты.

Солдан оңға қарай: Рахат Әлиевтің әкесі Мұхтар Әлиев, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев және оның күйеубаласы Рахат Әлиев, президент жұбайы Сара Назарбаева.
Солдан оңға қарай: Рахат Әлиевтің әкесі Мұхтар Әлиев, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев және оның күйеубаласы Рахат Әлиев, президент жұбайы Сара Назарбаева.

– Үлкен ұйыған қанды, бетінен, мойнынан және кеудесінің жоғарғы тұсынан көгерген жарақаттарды таптық. Демек бұл – 100 пайыз тұншықтыру, – деді ол.

Бринкманн Әлиевтің мұрны мен аузының айналасының бозарып тұрғанына таңғалған. «Әдетте адамды тұншықтыру үшін сыртынан қысым жасағанда осылай болады» дейді ол.

– Асылып өлуі мүмкін емес, себебі бұл белгілер – асылудың белгілері емес, – деді сарапшы.

Бринкманн – жұмбақ жағдайда қаза болған танымал адамдардың ісін қараумен аты шыққан маман. Ол қуғындағы Ресей олигархы Борис Березовскийдің, италиялық банкир Роберто Кальвидің және француз принці Луи (Людовик) XVII-нің істерін зерттеуге қатысқан.

1999 жылы Африкадан келген эмигрант Маркус Омофуманың қазасы бойынша есеп берген ол сот сараптамасының қорытындысын жоққа шығарып, марқұмның тұншығып өлгенін дәлелдеген. Сол кезде оның мықты маман ретінде аты шыққан еді.

Ал Әлиев ісінде Йозефштадт түрмесінің бұрынғы психиатры Стефан Зекнердің «Әлиев суицидке бейіл емес еді, оның өліміне түрме қызметкерінің қатысы болды» деген пікірі де күдікті қоюлата түседі. Бұған қоса, депутат Йаролимнің айтуынша, Әлиев қаза болар қарсаңында оның қасындағы көрші камераға Аслан Г. («Чако» деген лақап аты бар) есімді жалдамалы киллер көшіп келген.

2015 жылғы ақпанның 24-інде Венадағы Йозефштадт түрмесінде асылып тұрған Рахат Әлиевтің денесі табылған. Ол 2007 жылы қазақстандық екі банкирді «өлтірді» деген айып бойынша сот алдында жауап беруге екі күн қалғанда қаза тапқан.

Рахат Әлиев – Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариғаның бұрынғы күйеуі, олардың үш баласы бар. Бизнеспен айналысып, жоғары лауазымды қызметтер атқарған ол қайын атасының жақын адамдарының бірі болған.

Қазақстанда оған қатысты дау-дамай көбейген 2007 жылы Әлиев елдің Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымындағы өкілі ретінде Австрияға жіберілген.

Бірақ кейіннен ол қайын атасын сынап, тіпті 1991 жылы Совет Одағы күйрегелі ел басқарып келе жатқан президентті орнынан түсіргісі келетінін де ашық айта бастады.

Қазақстан лидері Нұрсұлтан Назарбаев пен оның үлкен қызы Дариға Назарбаева президент сайлауындағы жеңісті тойлау шарасына келіп тұр. Астана, 27 сәуір 2015 жыл.
Қазақстан лидері Нұрсұлтан Назарбаев пен оның үлкен қызы Дариға Назарбаева президент сайлауындағы жеңісті тойлау шарасына келіп тұр. Астана, 27 сәуір 2015 жыл.

Сол жылы ол Дариға Назарбаевамен ажырасқаны туралы факс алған. Өзінің айтуынша, ол әйелімен ажырасуға ешқандай келісім бермеген.
Барлық дипломатиялық қызметтерінен алынып, марапаттарынан айырылған оны 2008 жылы Қазақстан соты «адам ұрлап», «отанына опасыздық жасағаны» және «төңкеріс ұйымдастыруға тырысқаны» үшін сырттай 40 жылға бас бостандығын айыру жазасына кескен.

Қазақстан басшылығы Австрия үкіметінен Рахат Әлиевті экстрадициялауды талап еткен. Алайда ресми Вена «Қазақстанда әділ сот өтетініне кепілдік жоқ» деп оны Астанаға беруден бас тартқан.

Сонымен бірге Әлиевке Еуропада тұрған кезінде «ақша жымқырды» және 2006 жылы Қазақстанның оппозициялық саясаткері Алтынбек Сәрсенбайұлын «өлтіруге тапсырыс берді» деп айыпталған.

Шоразоваға үйленіп, Австрияның төлқұжатын алған оны бұл елдің басшылығы кейіннен азаматтығынан айырған. 2013 жылы ол Мальтаға барып бас сауғалаған.

2014 жылы Австрия құқық қорғау органдарына өз еркімен берілген ол сот отырысын күтіп қамауда жатқан еді.

«Түрмедегілер ақша талап етті» деген шағымынан соң абақты басшылығы оны басқа камераға көшірген.

Ақпанның 14-і күні Азаттыққа берген сұхбатында адвокат Клаус Айнедтер швейцариялық институт жасаған есеппен танысып, «Әлиев отбасының және Бринкманның атынан жауап әзірлеу процесі бірнеше аптаға созылуы мүмкін» деп мәлімдеді.

Пит Баумгартнердің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG