Accessibility links

Бағлан Майлыбаевтың құпия ісі мен «құпия» үкім


Бағлан Майлыбаев Қазақстан президенті әкімшілігінің жетекшісі кезінде. Астана, 19 ақпан 2015 жыл..
Бағлан Майлыбаев Қазақстан президенті әкімшілігінің жетекшісі кезінде. Астана, 19 ақпан 2015 жыл..

Қазақстан президенті әкімшілігінің жоғары лауазымды бұрынғы екі қызметкерінің атышулы, бірақ құпияландырылған ісі бірден жарияланбаған айыптау үкімімен аяқталды. Мұның бәрі қоғамдағы қилы жорамалдар мен болжамдарға түрткі болды.

Маусымның 13-і күні Астана қаласы Есіл аудандық 2-соты Қазақстан президенті әкімшілігінің жоғары лауазымды бұрынғы екі шенеунігі Бағлан Майлыбаев пен Николай Галихиннің ісі қараған. Маусымның 22-сінде Азаттық жолдаған сауалға Астананың баспасөз қызметі «Іс қылмыстық кодекстің 361-бабының 4-бөлімінде («топ құрамында қызмет өкілеттігін асыра пайдалану») және 185-бабының 3-бөлімінде («мемлекеттік құпияны заңсыз жинау, тарату, жариялау арқылы үлкен зиян келтіру немесе өзге де ауыр зардаптарға соқтыру») қарастырылған қылмыстар жасады деген айыптарды мойындау туралы процессуалды мәмілемен түскен» деп хабарлайды.

Майлыбаев аталған баптар бойынша айыпты деп танылып, бес жылға сотталды, сот дүние-мүлкін тәркілеп, мемлекеттік органдарда лауазымды қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыру үкімін кескен. Ал Галихин түрмеде отырмайтын болды, 185-баптың 3- бөлімінде қарастырылған қылмыс жасады деп танылған оған төрт жыл мерзімге шартты жаза, мемлекеттік органдарда лауазымды қызметтер атқару құқығынан үш жылға айыру жазасы кесілді. Сот Қазақстан президентіне сотталғандарды бүкіл мемлекеттік наградаларынан айыру туралы ұсыныс жасауға үкім етті. Үкім заңды күшіне енген.

Үкімге сәйкес, Майлыбаев екі бап бойынша, ал Галихин тек бір бап – мемлекеттік құпияларға қатысты заңсыз әрекеттері үшін ғана сотталды. Тергеу амалдары кезінде Майлыбаевқа коррупциялық бапты да «қосып берген».

Осылайша ресми ведомство атшулы іске қатысты үкім туралы жарты айдан сәл көбірек уақыт өткенде хабарлады. Бұған дейін танымал болмаған, бірақ карьерасы тез өрлеген Бағлан Майлыбаевтың қамалғаны жайлы жыл басында тараған хабар жұртқа тосын естілген. Оның қылмыстық ісін бірден құпияландырып тастады, бірақ сот жабық режимде өткен жағдайда үкімдер әдетте жария түрде, ашық режимде шығарылады. Бірақ бұл жерде үкім шыққаны жайлы хабардың өзі кеш жарияланды, ал Азаттықтың Майлыбаевқа үкім шыққаны жайлы қауесеттерді растауды немесе терістеуді сұраған әрекеттері сәтсіз болды. Редакциямызға Астана сотынан жауап бүгін ғана – Бағлан Майлыбаев пен Николай Галихинге қатысты шыққан үкім жайлы Астана соты сайтында өзі де жариялаған кезде келді.

ҚҰПИЯ ЖАЙЛЫ СОЗБАҚТАУ НЕМЕСЕ СЫБЫРЛАП АЙТУ

Бұл Майлыбаев пен Галихиннің ісіне қатысты ақпаратты жариялауды созбақтаудың жалғыз мысалы емес. Мысалы, Бағлан Майлыбаев пен Николай Галихин қаңтардың 12-сінде ұсталды. Сол күні ертеректе Майлыбаев президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары қызметінен шеттетілді, бірақ әдетте мұндай жағдайда айтылатын «өзге жұмысқа ауысуына байланысты» деген дәстүрлі уәж келтірілмеді, бұл жайт бақылаушыларды елең еткізген болатын. Бірақ ол кезде әлеумет назары әлгі қызметке бұған дейін Ресейдегі елші қызметінде болған Марат Тажиннің тағайындалғанына тез ауып кеткен.

Бірақ ертеңінде, қаңтардың 13-інде Майлыбаевтың қамалғаны жайлы бірнеше күн бойы ресми расталмаған я терістелмеген қауесеттер тарай бастады. Тек төрт күн өткен соң ғана, яғни 16 қаңтарда ҰҚК «қаңтардың 12-сі күні Бағлан Майлыбаев пен Николай Галихин мемлекеттік құпияны жинау, тарату және жария ету күдігімен тұтқындалды және Астананың Есіл аудандық соты екеуін екі айға қамауға санкция берді» деген баспасөз хабарламасын таратты.

Майлыбаев пен Галихин айыпталған істің жай-жапсары әлі белгісіз, іс «құпия» саналады.

Сотталған бұрынғы жоғары лауазымды шенеуніктердің адвокаттары үкімге қатысты комментарий бермейді.

БАҒЛАН МАЙЛЫБАЕВ КІМ?

Бағлан Майлыбаевты әлі ешкім ашық қорғап шыққан жоқ. Азаттық тілшілері Бағлан Майлыбаевтың әкесі, 70 жастағы бизнесмен әрі Жамбыл облыстық мәслихаты депутаты Асаубай Майлыбаевқа хабарласа алмады. Ол 13 қаңтар – мерейтойы қарсаңында Жамбыл облыстық «Знамя труда» газетінде жарияланған «Народный депутат» («Халық депутаты») деген сұхбатында баласы Бағлан туралы мақтанышпен айтқан. Ол кезде оны қамауға алғаны жайлы әлі ешкім білмейтін (Бағлан Майлыбаевтың ісін жүргізгендерден бөлек).

Асаубай Майлыбаевтың сұхбатын жариялданған газет.
Асаубай Майлыбаевтың сұхбатын жариялданған газет.

Бағлан Майлыбаевтың Жамбыл облысы транспорт прокуратурасында жұмыс істейтін інісі Ерханға да хабарласу мүмкін болмады. Әріптестері оның «ауырып жатқанын» айтты.

Бағлан Майлыбаевтың әпкесі, 44 жастағы бизнесвумен әрі Тараз қалалық мәслихаты депутаты Бағдат Майлыбаеваға ғана хабарласудың сәті түсті.

Кімді болса да қаралауға болатынын білесіз. Ал жұрттың не айтып жатқанында шаруам жоқ.

– Оны қатты жақсы көремін әрі мақтаныш тұтамын. Бітті! Өзге ештеңе айтпаймын, өйткені кімді болса да қаралауға болатынын білесіз. Ал жұрттың не айтып жатқанында шаруам жоқ. Мен үшін бауырым болып қалады, оны қатты жақсы көремін әрі мақтаныш етемін, – дейді бауырына шыққан үкімге қатысты комментарий беруден үзілді-кесілді бас тартқан Бағдат Майлыбаева.

Жұрт көзіне түсе бермейтін Бағлан Майлыбаевты әлеумет онша білмейді. Кей сөздерінде ол президент Нұрсұлтан Назарбаев пен өзі мүшесі болған президенттік «Нұр Отан» партиясына бүтіндей берілген адам ретінде мәлімдеген.

Ертеректе Азаттық партияның орталық аппаратына «Партия мүшелері Бағлан Майлыбаев пен Николай Галихинге қатысты сот шешімінен хабардарсыздар ма?», «Егер үкім шығып қойса, екеуінің дербес партиялық ісі қаралды ма?» деген сауал жолдаған.

«Нұр Отан» партиясының қолында жоғарыда аталған қылмыстық істі тергеу барысы және іске қатысты шыққан сот үкімі туралы мәліметтер жоқ, сондықтан дұрыстығы расталмаған ақпаратқа қатысты кез-келген комментарий беруді дұрыс емес деп санаймыз» деп жазған «Нұр Отан» партиясының орталық аппарат жетекшісі Ақылбек Ихданов Азаттық сауалына.

Бағдар Майлыбаев 2002 жылғы мамырдан 2003 жылғы қыркүйекке дейін «Казахстанская правда» республикалық газеті» акционерлік қоғамының президенті болған. Жергілікті баспасөз тарихын зертеуші Андрей Свиридов оның осы кезеңдегі жұмысынан тұщымды әсер алмаған.

– Құмырсқа илеуіндегі қоңыз сияқты илеуге кірді де, ол жақтан домалап түсті. Ал құмырсқалар мұны тіпті сезінген де жоқ. Елдің орыс тілінде шығатын бас ресми газетінің редакциялық саясаты 1990 жылдардың аяғынан бері әлі өзгеріссіз, – дейді Андрей Свиридов.

Бағлан Майлыбаев «Казахстанская правда» газетін басқарған кездегі басылымның бір саны.
Бағлан Майлыбаев «Казахстанская правда» газетін басқарған кездегі басылымның бір саны.

Бағлан Майлыбаев 36 жасында президент аппараты жетекшісінің орынбасары болды. Бұл қызметте ол бес жылдан көбірек отырды. Ол 20 мамыр – өзінің кезекті туған күнін (42 жасын) ҰҚК-нің Астанадағы тергеу абақтысында қарсы алды.

МАЙЛЫБАЕВТЫ НЕ ҮШІН СОТТАУЫ МҮМКІН?

Бағлан Майлыбаевтың ісі құпия болғандықтан, әлеумет ҰҚК-нің оған тағылған айып туралы хабарламасына иланбай, оны қылмыстық қудалаудың астарында қандай нағыз себептер бұғып жатыр екен деген сұрақтар қойып, оларға өзі жауап беруге тырысады.

Кейбіреулер тарапынан Бағлан Майлыбаевтың ісін өзге атышулы екі тұтқын – бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев пен бұрынғы ҰҚК төрағасы Нартай Дүтбаевтың ісімен байланыстыруға тырысқан әрекеттер болған. Мұндай әрекеттерге адвокат Жомарт Сарманов қарсы шыққан. Бірақ «Майлыбаев ісінің» саяси астары жайлы болжам көбейе берді. Айыптау үкіміне қатысты комментарий сұраған Азаттықтың өтінішінен сотта Майлыбаевтың мүддесін қорғаған адвокат Ахан Байқанов «қазір Майлыбаевтың мүддесін қорғамаймын ғой» деген уәжбен бас тартты.

Қаңтардың 17-сінде (Бағлан Майлыбаев ұсталып, қамауға алынғаны жайлы ҰҚК хабарламасы тараған күннің ертеңінде) Facebook желісінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені – Рахат Әлиев (қазір марқұм болған) мен Дариға Назарбаеваның кіші ұлы – Айсұлтан Назарбаев президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Бағлан Майлыбаевтың аты-жөнін атамағанымен, оны да «түйреп» өткен пост жариялады.

Ертеректе саясатқа араласқаны байқалмаған, бірақ кейінгі кезде президент атасының айналасында жүрген кейбір ардагерлерге қарсы жұртты шулатқан бірнеше мәлімдеме жасап үлгерген Назарбаевтың жиені «Ұлттық банк төрағасы Ақышев, президент әкімшілігі басшысы Жақсыбеков орындарын сақтап қала ма, жоқ па – онда шаруам жоқ. Екеуінің тікелей қарамағындағы адамдар аса ауыр коррупциялық және мемлекеттік қылмыстар жасады деген күдікке ілінді ғой. Ал мен аталған мырзаларды жақсы білемін, сондықтан олардың сыртынан біреу ебін тауып, қитұрқы істер ұйымдастырды дегенге ешқашан сенбеймін...» деп жазады.

Жергілікті кей БАҚ-тар Майлыбаев ісінен «ресейлік із» іздейді.

Бағлан Майлыбаевтың ісіне қатысты бақылаушылардың тағы бір болжамы «ол элита ішіндегі тартыстың құрбаны болды» дегенге саяды. Азаттықпен әңгімесінде бұрынғы сенат депутаты, ал қазір оппозициялық жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының саяси кеңесі президиумы төрайымы Зәуреш Батталова да осы болжамды көбірек мақұлдайды. Батталованың жорамалдауынша, Майлыбаев ісіндегі құпиялар көбейген сайын іс саясилана түседі. Оның сөзінше, Қазақстандағы авторитарлы билік жүйесінің күшейіп келе жатқан дағдарысы «Майлыбаев ісін» тудырған себептердің бірі болуы мүмкін.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG