Accessibility links

ҰҚК құзіретін кеңейту нені білдіреді?


ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімовтің Қазақстан премьер-министрі болып тұрған кездегі суреті.

Ұлттық қауіпсіздік комитетіне өзге күш құрылымдарына қатысты коррупциялық істерді тексеру құқығы берілді. Кейбіреулер мұны арнайы қызметтің қазіргі өкілеттігін заңдастырумен, ал өзгелер - келешек билік транзитімен байланыстырады.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев шілденің 3-інде "Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне құқық қорғау жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға қол қойды. Келесі күні бұл туралы ақпарат жариялаған Ақорда сайты заң мәтіні баспасөзде шыққаны жайлы хабарлады. Сол күні Tengrinews агенттігі арнайы органдарға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен әскерилерге қатысты істерді тексеру құқығы ұлттық қауіпсіздік комитетіне (ҰҚК) заң жүзінде берілді деп хабарлады, бірақ заң мәтінін жариялаған жоқ.

Кей сарапшылар бұл оқиғаларды мемлекеттік құрылымдарда теңгерім мен қарама-қарсылық тетігін қалыптастырудың табиғи процесі ретінде қабылдады. Өзгелер мұны билік транзиті кезеңінде тұрақтылықты қамтамасыз ету қажеттілігімен байланыстырады.

МЕРЗІМІ ЖЕТКЕН ЗАҢ

Заң мәтіні online.zakon.kz сайтында жарияланды. Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 187-бабының жаңа редакциясына сәйкес, ҰҚК-не қосымша құқықтар берілген. Ол бапта: "Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің 361 (үшінші және төртінші бөлімдері), 362 (үшінші бөлімі, төртінші бөлімінің 3-тармағы), 366 (үшінші және төртінші бөлімдері), 367 (үшінші және төртінші бөлімдері) баптарында қарастырылған қылмыстарды егер әскери қызметшілер, сыбайлас жемқорлыққа қарсы немесе арнайы мемлекеттік орган қызметкерлері жасаса, алдын ала тергеу амалдарын ұлттық қауіпсіздік комитеті тергеушілері жүргізуі мүмкін" делінген.

Азаттықпен әңгімеде адвокат Жохар Өтебековтің айтуынша, ұлттық қауіпсіздік комитетінде, сосын сот тергеуі барысында және маусымның 13-інде үкім жарияланған кезде президент әкімшілігі басшысының бұрынғы орынбасары Бағлан Майлыбаевқа қылмыстық кодекстің 361-бабы 4-бөлімінің (топ құрамында қызмет бабын асыра пайдалану) ережелері қолданылған. Майлыбаевтың қылмыстық кодекстің 361-бабы белгілеріне жататын әрекеттерін ҰҚК қызметкерлерінің тергеуі ол кезде заңды болған, өйткені, Өтебековтің сөзінше, Майлыбаев коррупцияға қарсы қызметтің немесе өзге күштік мекеме қызметкері болмаған.

Бұл жағдайда ұлттық қауіпсіздік комитетіне коррупциялық істерді тексеріп, оларды қадағалайтын органдардың өздерінің коррупциялық істерін тексеру құқығын беру қажет нәрсе. Меніңше, бұл өте дұрыс.

Бұрын бас прокуратураны, мемлекеттік тергеу комитеті мен парламент мәжілісін басқарған оппозициялық жалпыұлттық социал-демократиялық партия жетекшісі Жармахан Тұяқбайдың Азаттыққа айтуынша, ҰҚК-не қосымша құқықтар беру табиғи, тіпті үйреншікті процесс саналады, өйткені коррупцияға қарсы ведомство қызметкерлері тарапынан жасалуы ықтимал коррупциялық қылмыстар шеттен бақылаусыз қалған.

– Бұл жағдайда ұлттық қауіпсіздік комитетіне коррупциялық істерді тексеріп, оларды қадағалайтын органдардың өздерінің коррупциялық істерін тексеру құқығын беру қажет нәрсе. Меніңше, бұл өте дұрыс, - дейді Жармахан Тұяқбай.

Парламенттегі Қазақстан коммунистік халықтық партиясынан сайланған депутаттар фракциясы жетекшісі Владимир Косаревтің мәлімдеуінше, ҰҚК-нің ел ішіндегі өкілеттігін күшейту арнайы қызметтің елден тысқары жұмысымен тығыз байланысты, өйткені сыртқы саясат – ішкі саясаттың жалғасы. Сондықтан, оның сөзінше, "елдің ішінде тәртіп болуы тиіс", ал өзге күш құрылымдары арасында ҰҚК рөлін күшейту, оның пікірінше, осы мақсатты көздейді.

ЗАҢДАСТЫРУ

Қазір Қазақстаннан тыс жерде тұрып жатқан ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаев ҰҚК-не қосымша өкілеттіктер беру астарында жатқан негізгі себептерді анықтауға тырысып көруді ұсынады. Оның сөзінше, ҰҚК-не қарасты экономикалық қауіпсіздік және әскери қарсы барлау бөлімшелері арнайы органдар мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет және әскерилердің үстінен қозғалған істерді тексерумен бұрын да айналысқан. Оның сөзінше, мұндай істерге қатысты тергеу амалдары "ұлттық қауіпсіздік мүддесі үшін" деген екіұшты сөз тіркесі негізінде жүргізілетін. Азаттықпен Facebook желісі арқылы хабарласқан Мұсаевтың сөзінше, жедел шаралар мен оларға қатысты тергеу амалдары ҰҚК-нің ішкі нормативті актілеріне сүйеніп реттелетін.

Жаңа заң әлгі функцияны заңдастырып, қылмыспен күрес саласында ҰҚК-нің рөлін күшейтеді.

"Жаңа заң әлгі функцияны заңдастырып, қылмыспен күрес саласында ҰҚК-нің рөлін күшейтеді. 2017 жылғы ақпанда ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімовтің "Жедел-іздестіру шараларын жүргізуді, абоненттер туралы қызметтік ақпаратты жинау мен сақтауды қамтамасыз ететін телекоммуникациялық құрал-жабдықтарға қойылатын жалпы талаптар" деген бұйрығы жарияланғанын жұрттың бәрі біледі. ҰҚК-нің ол бұйрығы байланыс құралдары мен интернетті бақылау әдістері туралы ақпаратты жария етті", - деп хабарлайды ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы.

Қазақстанда 2018 жылғы ақпаннан бастап ұялы байланыс қызметін пайдаланушылардың телефон арқылы сөйлескен бүкіл әңгімесі, видео және СМС-хабарламалары жазылып алынып, екі жыл сақтаулы болуы шарт. Құқық қорғаушылар бұл шара арнайы қызметтің өз өкілеттігін асыра пайдалануына алып келеді қауіптенеді. Ал ҰҚК кез-келген арнайы жедел-іздестіру шаралары мен жария емес тергеу амалдары прокурордың санкциясынан кейін жүргізілетін болады деп мәлімдейді.

Бірақ, Мұсаевтың сөзінше, ҰҚК-нің әлгі бұйрығы мен жуырда ғана қабылданған заң арнайы қызмет жұмысы ашықтау бола бастағанын көрсетеді әрі мұны жағымды фактор ретінде бағалауға болады.

Талқыланып отырған заң қабылданғаннан кейін, ҰҚК өзге күш құрылымдары мен құқық қорғау органдарынан іс жүзінде ғана емес, заң жүзінде де үстем болады.

"Бір жағынан, бұл президент Кәрім Мәсімовке үлкен сенім артып, элита ішіндегі оның рөлін күшейткенін көрсетеді. Талқыланып отырған заң қабылданғаннан кейін, ҰҚК өзге күш құрылымдары мен құқық қорғау органдарынан іс жүзінде ғана емес, заң жүзінде де үстем болады. Оны бұлай күшейту себебі транзиттік кезеңмен байланысты ма, жоқ па – оны айта алмаймын, бәрін уақыт көрсетер", - деп болжайды Әлнұр Мұсаев.

Қазақстандық адам құқығы жөніндегі бюроның директоры Евгений Жовтис заңды қабылдау фактісін үш деңгейде – концептуалдық, құқықтық және тұлғалық деңгейде қарауды ұсынады.

Жовтистің пікірінше "жұрттың бәрін бақылайтындарды кім бақылауы тиіс" деген мәселе түптеп келгенде концептуалды деңгейде шешілмеген. Бұл мағынасыз мәселеге жатпайтындықтан, оны формалды логика тұрғысынан ғана шеше салу мүмкін емес дейді Жовтис. Ол мұның көрнекі мысалы ретінде математик Бертран Расселдің шаштараз туралы әйгілі парадоксын келтіреді – әлгі парадоксқа сәйкес, деревняда жұрттың бәрінің сақалын алатын, бірақ өзі қырынбайтын шаштараз болуы мүмкін емес.

Жовтистің айтуынша, демократиялық елдерде мұндай концептуалды проблемалар баяғыда зерттеліп, тепе-теңдік пен қарама-қарсы қоюдың тиімді механизмдерін құру арқылы шешілген. Әлгі елдердің басшылығына әлемге және осы әлемдегі өз орнына қатысты түсінік-пайымы қилы тұлғалар келетініне қарамастан, бұл механизм шынымен бар әрі оны бұзу мүмкін емес.

Ал Қазақстанда бұл проблема концептуалды деңгейде де, заң деңгейінде де шешілген жоқ, дейді Жовтис. Сондықтан Қазақстанда құрылған теңгерім мен қарама-қарсылық жүйесі іс жүзінде жасанды жүйе, өйткені аса маңызды мәселелер тұлғалық деңгейде шешіледі, дейді Жовтис.

Сондықтан Қазақстанда құрылған теңгерім мен қарама-қарсылық жүйесі іс жүзінде жасанды жүйе, өйткені аса маңызды мәселелер тұлғалық деңгейде шешіледі.

Құқық қорғаушының айтуынша, елде шынайы жұмыс істейтін теңгерім мен қарама-қарсылық жүйесінің жоқтығынан тұлғаның, мысалы қалыптасқан жағдайға қарай шешім (оның ішінде заң түрінде де) қабылдауға мәжбүр президенттің рөлі шамадан тыс артады. "Қорғас ісі" (қоғамда қаржы полициясы ҰҚК-ін жеңіпті-мыс деген сөздер тудырған) кесірінен немесе кейбіреулер пайымдағандай, сол кездегі ҰҚК төрағасы Владимир Жұмақановты оның кей мәлімдемелерін жоққа шығарған ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың жанында қораштау етіп көрсеткен Ақтөбедегі былтырғы терактілерден соң беделі біршама ортайған ҰҚК-ін рөлін күшейту туралы президенттің шешіміне не түрткі болды деген сұраққа тек ықтимал болжаммен ғана жауап беруге болады, дейді Жовтис.

Бұған қоса, құқық қорғаушы "дұрыс тұжырым болмауы мүмкін" деген уәжбен Орталық Азияның Түркіменстан және Өзбекстан тәрізді елдерінде болған билік транзитімен әлдебір ұқсастық бар деп айтудан тартынады.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG