Украинаның Львов қаласының полициясы Одесса облысының бұрынғы губернаторы және Грузияның бұрынғы президенті, Михаил Саакашвили Украина территориясын кесіп өткен соң оған байланысты қылмыстық іс қозғады.
Іс "Украинаның мемлекеттік шекарасынанан заңсыз өту" бабы бойынша қозғалған. Бұл бап бойынша бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Украина полициясы 10 қыркүйекте "Шегини" шекара пунктінде Саакашвилидің жақтастары шекарашылар тосқауылын бұзып, саясаткерді Украина территориясына кіргізген кезде "қоғамдық қауіпсіздік пен шекарадағы тәртіпті сақтау" барысында күш құрылымдарының 11 қызметкері жараланғанын да айтады.
Украинаның бас прокуроры Юрий Луценко Саакашвили мен оның жақтастарын "мемлекеттік шекараны бұзғаны үшін" қылмыстық жауапкершілікке тартуға шақырған.
Украина азаматтығынан айырылған Михаил Саакашвили кеше Польша жақтан Украина шекарасын кесіп өтіп, Львов қаласына барған.
ВИДЕО: Михаил Саакашвили мен оның жақтастары Украина шекарасында тұр. 10 қыркүйек 2017 жыл.