Accessibility links

Астанада кезекті Сирия бейбіт келіссөзі басталады


Астанадағы Сирия бейбіт келіссөзіне қатысып отырған тараптар. 5 шілде 2017 жыл.
Астанадағы Сирия бейбіт келіссөзіне қатысып отырған тараптар. 5 шілде 2017 жыл.

Астанада бүгін Сирия бейбіт келіссөзінің кезекті кезеңі басталады. Келіссөзде Ресей ұсынысы бойынша құрылып жатқан деэскалация аймақтарының қызметі талқыланбақ. Келіссөзден бір күн бұрын Астанада гарант елдер - Ресей, Иран және Түркия сарапшыларының кездесуі өтеді деп хабарланған.

Қазақстан срытқы істер министрлігінің ақпараты бойынша, бүгін басталатын жоғары деңгейдегі кездесуде "деэскалация аймақтарына қадағалау жасайтын күштердің қызметін" реттейтін бірқатар құжат қаралып, Сирияның Идлиб провинциясын бақылайтын күштердің құрамы талқыланбақ. Сонымен қатар тараптар Сириядағы ЮНЕСКО қорғауына алынған тарихи ескерткіштерді минадан тазарту туралы бірлескен мәлімдеме жасамақ.

Кеше Астанаға келіссөзге қатысуға Сирияның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Башар Джафари бастаған Сирия үкіметінің делегациясы келгені хабарланған. Министрлік Сирия қарулы оппозициясының делегациясы келіссөзге қатысады деп күтіп отырғанын айтады.

Министрлік ақпараты бойынша, Ресей делегациясын президенттің арнайы өкілі Александр Лаврентьев басқарып келеді. Қазақстан сыртқы істер министрлігі бұған дейін АҚШ мемлекеттік хатшысының Таяу Шығыс ісі бойынша көмекшісінің міндетін атқарушы Дэвид Саттерфилд келіссөзге бақылаушы ретінде қатысатынын да хабарлаған. 14-15 қыркүйекте өтетін келіссөзге БҰҰ-ның Сирия бойынша арнайы елшісі Стаффан де Мистура да қатыспақ.

XS
SM
MD
LG