Accessibility links

Ресей соты Рауль Валленберг отбасының арызын қанағаттандырмады


Швед дипломаты Рауль Валленбергтің Мәскеудегі мүсіні. Ресей, 17 тамыз 2017 жыл.
Швед дипломаты Рауль Валленбергтің Мәскеудегі мүсіні. Ресей, 17 тамыз 2017 жыл.

Мәскеудің Мещан аудандық соты қыркүйектің 18-і күні швециялық дипломат Рауль Валленбергтің отбасының марқұм туралы құпия болып келген ақпаратты ашуын сұрап Ресей федералдық қауіпсіздік қызметінің (ФСБ) үстінен берген талап-арызын қанағаттандырмай тастады.

Екінші дүниежүзілік соғыстың қаһарманы атанған швед дипломаты Рауль Валленбергтің отбасы шілде айында ресейлік ФСБ-ден кезінде СССР түрмесіне қамалғаннан кейін із-түссіз жоғалған туысы жайлы мұрағаттағы құжаттармен таныстыруын талап еткен. Сот қатысқан ФСБ өкілі "құжаттардың бір бөлігі осыған дейін жарияланғанын" айтып, ал кейбір мәліметтерді "үшінші тараптың" келісімінсіз бере алмайтындарын мәлімдеген. Ол талап-арыз иелеріне ол құжаттардың 75 жылдық ескіру мерзімі біткенше күте тұруды ұсынған.

Швецияның Будапештегі өкілдігінде дипломатиялық қызмет атқарған Рауль Валленберг 1944 жылы венгриялық 20 мың еврейге арнайы құжат тапсырып, олардың нацистер қырғынынан аман қалуына көмектескен.

1945 жылдың басында совет армиясы Будапештке кіргеннен кейін Рауль Валленбергті тұтқындап, Мәскеуге жөнелткен. Болжам бойынша, ол совет түрмесінде қайтыс болған. 2016 жылғы қазанда Швеция билігі Рауль Валленбергтің қазасы туралы ресми жариялаған.

Биыл наурызда швед дипломатының туыстары ресейлік ФСБ-ге Лубянск мен Лефортово түрмелерінің 1945-1947 жылдар аралығындағы құжаттарының түпнұсқаларымен таныстыруын сұрап өтініш берген, бірақ ФСБ ол өтінішті қанағаттандырмағаннан кейін Рауль Валленбергтің отбасы сотқа талап-арыз түсірген.

XS
SM
MD
LG