Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының 72-сессиясында сөйлеген Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев алдағы айда өтетін қырғыз президенті сайлауы туралы сөзінде "жаңа президент сайлауын адал әрі ашық өткізу – ел тұрақтылығының кепілі" деп мәлімдеді. "Және ол үшін біз берік саяси ерік-жігерге иеміз", - деген ол.
Атамбаев қазір Қырғызстанда қазанның 15-іне тағайындалған президент сайлауы алдындағы науқан өтіп жатқанын айтты.
Сөзінің соңын қырғыз тілінде аяқтай келе, Қырғызстан халқына арнап айтқан үндеуінде Алмазбек Атамбаев жақын уақытта қырғызстандықтарға өз жетекшісін таңдар кезде нені ұмытпау керектігін еске салды. "Олигархтар мен өзге мемлекеттердің басшыларына ілесеміз деп өз жолымыздан адасып қалмайық! Тағы да қырғыз президентінің басына қасықпен күй шерткізуге жол беруге болмайды", - деген Атамбаев қырғыз азаматтарына ақшаға малданып, "тәтті сөз" бен "алдамшы көзге" иланып қалмауды ескертті.
Сонымен бірге Қырғызстан президенті отандастарын ар-намыс, бірлік, отан мен халықты сақтауға шақырды.
Осы аптада Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қырғызстан президенттігіне кандидаттардың бірі Өмірбек Бабановты қабылдауы екі елдің сыртқы істер мекемелері арасында дипломатиялық нота алмасуға ұласқан еді. Бішкек бұл кездесу мен ол жайында қазақстандық баспасөз құралдарының жарияланымдарын "Қырғызстанның ішкі ісіне араласуға тырысу" деп бағалады. Астана жауап нотасында кездесуге Қырғызстанның берген бағасын "ойдан шығарылған тұжырым" деп атап, Бішкектің наразылығына "таңданыс" білдірген.