Сирияда кемінде бір ресейлік әскери қызметкер - Братск қаласының тумасы Владимир Тарасюк қаза тапқаны туралы жазады New Irkutsk интернет басылымы. Қаза болған сарбаздың туысының айтуынша, 16 қыркүйекте тосқауылға кезіккен Тарасюктің қасында "полковник пен генерал" бірге болған. "Барлығын атып кеткен" деп жазады басылым. Әзірше "полковник пен генералдың" аты-жөні және қай елдің әскерилері екені белгісіз қалып отыр.
Ресей қорғаныс министрлігі Сирияда 16 қыркүйекте қаза тапқан әскерилер туралы ресми ақпарат жариялаған жоқ. Сәрсенбі күні министрлік өкілдері Сирияның Идлиб қаласында ресейлік үш жауынгердің "Әл-Нусра майданы" тобының шабуылы барысында жараланғаны туралы мәлімдеген. Ресей қорғаныс министрлігі 30-ға жуық ресейлік әскери қоршауға түсіп, кейін одан шыққаны туралы хабарлаған.
Ресей Сириядағы әскери кампанияны 2015 жылы бастаған. Башар Асад режимін қолдайтын Ресейдің әскери ұшақтары үкіметке қарсы қарулы күрес жүргізіп жатқан көтерілісшілерге соққы беріп келеді. АҚШ пен батыстің кей елдері Асад режимін әскери қылмыс жасады деп айыптап, Ресейді оны қолдаудан бас тартуға шақырған.
Reuters ақпарат агенттігінің дерегінше, жыл басынан бері Сирияда кемінде 40 ресейлік әскери қызметкер мен жеке меншік әскери компаниялардың жауынгерлері қаза тапқан. Ресей қорғаныс министрлігі Сирияда тек онға жуық сарбазының мерт болғанын ресми түрде растаған.