Accessibility links

Оралда көлікпен адам қағып өлтірген экс-полицейге үкім шықты


Орал қалалық ішкі істер басқармасының бұрынғы бөлім басшысы Самат Наурызовты (сол жақта) үкім жарияланғаннан кейін сот залынан әкетіп барады. Орал, 21 қыркүйек 2017 жыл.

Орал қалалық қылмыстық істер бойынша соттың судьясы Сұлуғаным Қадыралиева бүгін қалалық ішкі істер департаменті жедел-қылмыстық бөлімінің бұрынғы бастығы Самат Наурызовты "адам қазасына соқтырған жол қозғалысы ережесі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзғаны" үшін айыпты деп танып, сотталушыны бес жылға бас еркіндігінен айыру туралы үкімін жария етті. Наурызов жазасын қоныстану колониясында өтейтін болады.

Сонымен бірге сот көлік апатынан мерт болған әйелдің туыстарының сотталушыдан сегіз миллион теңге (23 мың доллардан аса) өндіртіп беруді сұраған азаматтық талабын қанағаттандырды.

Іс материалдары бойынша, 22 шілде күні 36 жастағы Наурызов Орал қаласының Көктем шағын ауданындағы автобус аялдамасында екі адамды автокөлікпен қағып кеткен. Оқиға салдарынан Ақтөбе облысындағы Шалқар кентінің 42 жастағы тұрғыны Айгүл Сүлейменова сол жерде мерт болған, оның асырап алған қызы Сандуғаш Сүлейменованың денесінің көп жеріне зақым келіп, ауруханаға түскен.

Бұрынғы полиция қызметкері сотта айыбын мойындап, қаза болған адамның туыстарынан кешірім сұрады.

Қаза болған әйелдің туысы Назгүл Оразаева Азаттыққа сот үкіміне қанағаттанатынын айтты. Әуелгіде жәбірленуші тарап азаматтық талабында сотталушыдан 31 миллионнан аса теңге өндіртіп беруді соттан сұраған. Сәрсенбі күні жәбірленуші тарап сотталушының айыбын мойындайтыны туралы прокуратурамен процесуалдық келісім жасасуына қарсылық білдірген.

Адвокат пен сотталушының туыстары комментарий беруден бас тартты.

  • 16x9 Image

    Санат ОРЫН ӘЛИ

    Санат 2014 жылы қарашада Азаттықтың Батыс Қазақстандағы тілшісі ретінде қызметке кірісті. 2005 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Қызмет жолын "Уральская газета" басылымында бастаған. 2006-2014 жылдары Алматы мен Астанадағы түрлі БАҚ-тарда жарияланып тұрған.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG