Accessibility links

Маңғыстау облысы әкімі мектептердегі "хиджаб дауын" шешуге уәде етті


Фердауси атындағы жалпы орта мектепте оқушы қыздарды сабақтан шығарып жатқан мектеп мұғалімі. Фердауси ауылы, Мақтарал ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысы, 14 қыркүйек 2017 жыл.
Фердауси атындағы жалпы орта мектепте оқушы қыздарды сабақтан шығарып жатқан мектеп мұғалімі. Фердауси ауылы, Мақтарал ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысы, 14 қыркүйек 2017 жыл.

Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов облыста кей оқушы қыз балалардың мектепке хиджаб киіп келуіне байланысты туындаған даулы мәселе "бір апта ішінде шешімін табады" деп мәлімдеген. Бұл туралы ол бүгін Астанадағы баспасөз мәслихатында айтты деп хабарлайды жергілікті ақпарат агенттіктері.

"Маңғыстау облысында ондай [хиджаб киген оқушы - ред.] 85 адам болды. Бүгінгі күні олардың 55-і мектеп барып жүр. Яғни, адамдармен кездесіп, түсіндіру қажет, Қазақстанның қолданыстағы заңын жұрттың бәрі орындауға міндетті", - деп мәлімдеген Тоғжанов.

Облыс әкімі заң бойынша баланың "іс-әрекетке қабілеттілігі 14 жастан басталады, оған дейін ешкім баланы мәжбүрлей алмайды" деп ескерткен.

Қазақстан білім және ғылым министрлігінің былтырғы оқу жылының ортасында шығарған бірыңғай мектеп формасы туралы бұйрығы биылғы оқу жылының басында елдің әр аймағында дауға айналған. Қыркүйек айының басында Жаңаөзен қаласында мектеп әкімшілігі хиджаб тағып келуге тыйым салғандықтан, 60 шақты оқушы қыз бала сабаққа бара алмай жүргені туралы бұған дейін Азаттық жазған.

"Жаңаөзен қаласында 61 адам болды, олардан қазір 17 бала қалды. Қалғандармен осы апта барысында мәселені шешеміз", - деп мәлімдеген облыс әкімі Тоғжанов бейсенбіде Астанада.

Қазақстанда биылғы жаңа оқу жылы басталғаннан кейін Жаңаөзен, Ақтөбе, Шалқар қалалары мен Оңтүстік Қазақстандағы Мақтарал ауданындағы тұрғындардан балаларын хиджаб таққаны үшін мектепке кіргізбей жатқаны туралы шағым түскен еді.

Оқыңыз: Оқушы қыздардың сабаққа орамалмен кіруі қиындап тұр
XS
SM
MD
LG